Бірлік жолындағы 30 жыл
Қарағанды облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік ХХVIII сессиясы өтіп, бірлік пен келісім жолындағы 30 жылдық маңызды кезеңнің қорытындылары талқыланды. Сессияға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев төрағалық етті. Шараға ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, жоғары оқу орындарының өкілдері, мәслихат депутаттары, саяси партиялар мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысты.
Сессияның негізгі тақырыбы — 2025 жылғы 24 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың өңірде орындалу барысын қарастыру болды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өз сөзінде Ассамблеяның қоғамдық келісімді қамтамасыз етудегі және мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы диалогты дамытудағы маңызды рөлін атап өтті. Сонымен қатар Қарағанды облысының Құрметті азаматы, кен өндіру саласының ардагері Григорий Презент Ассамблеяның қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесін ерекше атап өтіп, жастарды еңбекқорлыққа тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы – көп жылдар бойы өз тиімділігін дәлелдеп келе жатқан бірегей құрылым. Бұл ұйымның ерекшелігі – барлық жұмыстың қоғамдық негізде жүзеге асырылуында. Сондықтан Ассамблея қызметін қолдап жүрген жандарға алғысымды білдіремін. Биылғы 30 жылдық мереке құтты болсын! – деді ҚХА ардагері Сәлима Нұрмағанбетова.
Сессия аясында ҚХА мүшесі, Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков университет жанындағы ҚХА кафедрасының жұмысын таныстырды. Ал «Qarmet» АҚ бас директоры Вадим Басин өнеркәсіп саласындағы Ассамблеяның бірегей тәжірибесімен бөлісті.
ҚХА облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Айжан Қиясова мен облыстық мәслихаттағы «Бірлік» депутаттық тобының мүшесі Иван Георгиади қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы атқарылып жатқан істерге тоқталды. Украин этномәдени қоғамының төрайымы Наталия Еременко мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған жобаларды ұсынды. Ал «NAMUS KZ» Әзірбайжан ұлттық мәдени орталығының мүшесі Бриллиант Алиева жастардың белсенділігіне қатысты бастамалар жөнінде баяндады.
– Бүгін мен үшін ерекше күн. Облыс көлеміндегі бұл жиында Ассамблея жастары және ҚХА Журналистер клубы атынан сөз сөйлеу – үлкен мәртебе. Ассамблея – менің өмірімнің бір бөлшегіне айналды. «Мемлекеттік тіл – менің тілім» жобасына қатысқан сәттен бастап өмірім түбегейлі өзгерді. Қазір мен әлеуметтік, мәдени және қоғамдық шаралардың белсенді қатысушысымын, – дейді ол.
Сессия барысында Айжан Киясова мен Рустам Бузяков Қарағанды облысы ҚХА-ның қоғамдық орынбасарлары болып тағайындалды.
Жиын соңында облыс әкімі өңірлік Ассамблея мүшелерін марапаттап, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Виктор Кист «Парасат» орденімен, ал Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай бірқатар азамат мерейтойлық медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Бұл сессия – ел бірлігін нығайтуға, түрлі этностар мен ұлттар арасындағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»