Бір тал кессең, он тал ек

Майқұдықтағы «Қазақстанның 50 жылдығы» саябағында бір мың көктерек отырғызылды. «Таза Қазақстан» науқаны аясында бұл маусымда қала аумағында жасыл желекті жайқалтуға ерекше назар салынды. Майқұдық саябағының бос жатқан шеткері алқабын көктерек көшеттермен көріктіндіруге 7 млн теңге бөлінген.

Мың көк терек көшеті Майқұдықтағы саябақтың сәнін келтіретін болды. Саябақтың артқы тұсындағы бос жатқан мына алқап алдын ала тазартылып, мұнда жасыл желекті жайқалту жұмысы жанданды. Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы белсенді қоғам өкілдерімен еріктілермен жалпы қоршаған ортаға бейжай қарамайтын тұрғындарымен бірлесе, мың түп пирамидалық көшетті отырғызды. Көк теректер – мамықсыз, Қарағандыдағы тұқымбақта өсіріліп, тамыр топырағымен отырғызып жатыр. Мердігер көмпания 3 жылдық кепілдік мерзіміне сай, көшеттердің түгелдей өсіріп беруге жауапты.

— Бұл ағаштарды үш жыл суарады, қорғайды, келісім шарт жасалған. Атадан мал қалғанша, тал қалсын деген. Бұл игі бастама, -дейді Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев.

Алматылық мердігер компания өкілі Майқұдық саябағында былтыр отырғызылған шырша көшеттерін де күтім жасап, қамтамасыз етіп отырмыз, дейді. Жас көшеттердің тамыр жайып кетуі үшін де уақытылы суарып, қажетінше баптау жасап отыру маңызды. Құптарлығы сол, соңғы жылдары қаламызда тал егу ісі біршама қолға алынуда. Және бұл іс, қоршаған ортаға бейжай қарамайтын белсенді қала тұрғындарының жіті назарында. Ағаш отырғызу, көшетті баптау бағытында айрықша маңызды жайттарды білетін, жасыл желектің қорғаушысы Сәкен Келдібаев ақсақал, саябақтың осы беткейіне арнайы көктеректі отырғызуды жөн көрдік деп, себебін айтты.

– Жан-жақтан жел соғады, көк теректерге ық жер керек. Отырғызып жатқан ағаштарды баптап, жағдай жасап жатырмыз, жастарға үлгі болатын іс деп ойлаймын, – дейді белсенді қала тұрғыны, табиғат қамқоршысы Сәкен Келдібаев.

Тал егу, көшет отырғызу ауамызды тазартып экологиялық ахуалды жақсарту ғана емес, жасыл желекті жайқалтып, аумақты көркейту табиғатқа деген қамқорлық. Бұл игі іс былтыр сәуір айында басталған «Таза Қазақстан» экологиялық науқан аясында тыңғылықты қолға алынып, бүгінде арнайы бағдарлама ретінде жалғасын табуда. Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Бахтияр Санбаев «Таза Қазақстан» экологиялық науқан аясында жыл басынан бері 600 гектардан астам аумаққа бір жарым миллион ағаш отырғызу жоспарланып жүзеге асырылғанын айтты. Бұл науқандық жұмыстарға колледждер атынан еріктілер де атсалысып жатыр.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»