Бір шешім – үш адамның үміті
Астанада дәрігерлер қайтыс болған донордың ағзаларын трансплантациялауға келісім берген отбасыға құрмет білдіріп, ауруханада арнайы «құрмет дәлізін» ұйымдастырды. Бір адамның өмірден өтуі өзгелерге өмір сүруге мүмкіндік беретін үлкен үмітке айналды.
Елордадағы донорлық процесс нәтижесінде жүрек, өкпе және бауыр алынды. Бұл ағзалар трансплантация кезегінде тұрған қазақстандық пациенттерге салынбақ. Осылайша бір донор бірден үш адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай шешімнің артында үлкен адамдық жауапкершілік пен отбасының қайғыға қарамастан жасаған маңызды таңдауы тұр. Донорлық – тек медициналық процедура емес, өзге адамдарға өмір сыйлауға мүмкіндік беретін ізгілік қадамы.
Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлық бағытында да оң өзгерістер байқалады. Жыл басынан бері елімізде 132 потенциалды қайтыс болған донор анықталған. Осы кезеңде 2025 трансплантация жасалған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, донорлық белсенділіктің айтарлықтай артуы 2025 жылы байқалған. Сол жылы 18 донорлық процесс жүзеге асып, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есеге көп болған.
Ал биыл 11 қыркүйектегі жағдай бойынша елімізде 13 мультиорганды донорлық процесс жүргізілді. Қайтыс болған донорлардан алынған ағзалардың көмегімен 42 трансплантация операциясы жасалды.
Бұл сандардың әрқайсысы – белгілі бір адамның тағдыры. Трансплантация кезегінде тұрған науқастар үшін донор табылуы – ұзақ күткен үміттің ақталуы. Сондықтан дәрігерлер донорлыққа келісім берген әр отбасының шешімін ерекше бағалайды.
Астанада ұйымдастырылған «құрмет дәлізі» де осы ризашылықтың белгісі. Ол донордың және оның отбасының өзге адамдарға өмір сүруге мүмкіндік берген ізгі шешіміне деген құрметті білдіреді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

