Бір шаңырақ астында

Қарағанды облысын 130-ға жуық этнос өкілі мекен етеді. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясына қатысушылар егеменді мемлекеттің жалпы тарихы, құндылықтары мен жетістіктері туралы әңгімеледі.

Достық үйіне этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, қоғам қайраткерлері, жастар көшбасшылары жиналды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Шәміл Осин қатысты.

– Биылғы мереке қарсаңында 30 жылдық жетістіктерді қорытындылау дәстүрге айналды. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Ассамблея мүшелерінің арасында табысты кәсіпкерлер, меценаттар, спортшылар, дәрігерлер, мұғалімдер, еріктілер аз емес, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы ҚХАның азаматтық қоғамды қалыптастыру мен әлеуметтік дамудағы рөлін атап өтті. «Мың бала», «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» және т.б. білім беру және ғылымизерттеу жобалары табысты жұмыс істеуде.

Сессияда қоғамды біріктіруге, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға ықпал ететін жаңа бастамалар туралы айтылды. «Вайнах» шешен-ингуш бірлестігі «Saryarqa» облыстық телеарнасымен бірлесе отырып, халықтар достығы және мейірім мен қонақжайлылық үшін қазақтарға алғыс білдіру мақсатында «Үлкен өңір» жобасын жүзеге асырды. Облыстық ҚХА ғылыми — сараптамалық тобы жастардың қандай құндылықтары маңызды деген тақырыпта зерттеу жүргізіп, қорытындылады.

Теміртау қаласының жас белсендісі Алена Хегай өз баяндамасын еріктілер қозғалысын дамытуға арнады. Бойжеткен қала әкімінің грантын жеңіп алып, мемлекеттік тілді үйрену және ұлттық салт-дәстүрді насихаттау үшін сөйлесу клубын ұйымдастыруға ниетті. Сонымен қатар Теміртау еріктілері қаланы көгалдандыруға көмектеседі.

«Жомарт жүрек» жобасының жеңімпазы, меценат Нұрлан Қалтаев туған өлкеге көрсеткен көмегі туралы баяндады. Қарқаралы ауданы Қоянды ауылының тумасы мектеп жөндеуіне көмектесіп, балаларға арналған спорт клубының негізін қалаған.

Сессияда облыстық ҚХА төрағасының жаңа қоғамдық орынбасарлары сайланды. Ол міндет облыстық ҚХА ғылыми-сараптама тобының жетекшісі Вилен МолотовЛучанский және «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы облыстық филиалының директоры Берік Дүйсетаевқа жүктелді.