Бір сәттік қараусыздық – орны толмас қайғы

Қарағандыда балалар қауіпсіздігі өзекті мәселеге айналып отыр. Жыл басынан бері өңірде балалардың терезеден құлауының 25 дерегі тіркелген. Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында республика көлемінде «Терезе – SAFE» акциясы басталып, ата-аналардың жауапкершілігін күшейту мен тұрғын үйлердегі терезе қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық берілуде.

Жазатайым оқиғалардың негізгі себептерінің бірі – балаларға тиісті бақылаудың жеткіліксіздігі болып отыр. Қауіпсіздік мәселесіне қатысты тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, елімізде мұндай қайғылы жағдайлар әлі де тіркелуде.

– Статистикаға тоқталатын болсам, биыл 5, ал 2025 жылы 29 бала терезеден құлау дерегі тіркелген. Бұл жай ғана сандар емес, әрқайсысының артында баланың өмірі мен отбасының қайғысы тұрғанын түсінуіміз керек, – деді Қарағанды облысы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Ирина Киселева.

Құтқару қызметі мамандары ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау және терезелерге арнайы блокаторлар орнату қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар ел аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында мемлекеттік органдар бірлесіп, «Қауіпсіз терезе» акциясын жүзеге асыруда.

– Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында «Терезе – SAFE» жалпы республикалық акциясы іске қосылды. Осы акция аясында біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, көпбалалы отбасылардың үйлеріне терезе блокаторларын орнату жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар, ата-аналармен жиналыстар мен түсіндіру кездесулерін өткізіп, балалар қауіпсіздігіне қатысты алдын алу шараларын күшейтеміз, – дейді Қарағанды облыстық  ТЖД Азаматтық қорғау капитаны Темірлан Айтжан.

Акция басталғалы бері шамамен 20 пәтерде терезе блокаторлары орнатылды. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бұл тек бастамасы екенін айтып, ата-аналарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Балаларды қараусыз қалдырмау, жиһазды терезе маңына қоймау – басты талаптардың бірі. Сондай-ақ, мамандар ең сенімді қорғаныш торларын орнатудың маңызын ерекше атап өтті.

– Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ең алдымен ата-аналардың жауапкершілігі жоғары болуы қажет деп есептеймін. Баланы ешқашан қараусыз қалдырмау керек, себебі қауіп бір сәтте туындауы мүмкін. Сонымен қатар терезелерге жай ғана тор емес, арнайы берік, қауіпсіздік талаптарына сай қорғаныш торларын орнату маңызды. Бұл – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың ең тиімді жолдарының бірі, – деп атап өтті Қарағанды облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Ирина Киселева.

Балалар қауіпсіздігін арттыру үшін жаңа тұрғын үйлер салатын мердігер компанияларға терезе блокаторларын орнатуды міндеттеу қажет. Алайда, Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бұл талаптың орындалуын бақылауға олардың әзірге өкілеттігі жоқ. Дегенмен пәтер сатып алушылар терезелер мен балкондарда қауіпсіздік құралдарының, соның ішінде блокаторлардың орнатылуын талап етуге толық құқылы.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»