БІР СҮЙІНІШ, БІР КҮЙІНІШ

Жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдай жақсармай тұр. Бір қарағанда, түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында баспана беру барынша қарқынды жүзеге асып жатқандай. Десе де, сұраным мен ұсыным сәйкестік таппай тұр. Нақты айтқанда, талаптарға сәйкес келетін ұсыныстардың болмауы шектеуші фактор. Банктің қойған төлем талабына жалақылық қауқарсыздық – басты кедергі. Пәтер құнының шаршысына шаққандағы бағасын көп жағдайда қарағандылықтардың қалтасы көтере бермейді.

Зейнетақы жинақтарын алу бағдарламасы басталғаннан бері елдегі тұрғынүй бағасы тағы өсті. Осыдан кейін қарапайым халық армандаған баспанасына жете алмай, лажсыздықтан жалдамалы пәтер жағалайды. Осындай нәтижеден кейін баспанасы барларға жылжымайтын мүлік нысаны жеке қажеттілігін қанағаттандыратын тауар ғана емес, табыс әкелетін капитал көзі болып саналады. Жағдайы жоқты ондаған жылдарға несиелік қарызға кіргізер жылжымайтын мүлік нарығындағы қаржылық құйқылжу – талайды қинап жүрген өзекті мәселе. Бұрындары Қарағандының орталығынан жалға пәтер алу құны айына 70-75 мың теңге болатын. Ендігіде Гоголь, Бұқар жырау даңғылы бойынан жалға ұсынылар пәтер құны айына 100 мыңның маңы. Ал Оңтүстік-Шығыс тұрғын аймағындағы жалданатын пәтер ақысынан адам түгіл ат үркерлік. Біздегі орташа жалақыны ескерсек, бұл – тіптен негізсіз баға. Осыдан келіп жас отбасылар бас- панадан баз кешіп, көшуден көз аша алмай жүреді. Айлығы шайлығына жетпей, баспана бас ауруына айналғанда амалын таппаған жас отбасылар ажырасып кететін жайт та аз емес.

— Ауылда жұмыстың жоқтығынан амалсыз көштім, — деген Бейсен Жұмабек сананы қаржы билеген қала өмірі қажытқанын айтады. Оның айтуынша, қаланың шеткері жағының өзінде эконом санаттағы пәтерлерді жалға алу 50 мың теңгеден басталады екен.

Жылжымайтын мүлік жөніндегі ақпараттық сайттардағы сараптау мынадай: Сұрыптау станциясының Жұмысшылар кентінде үй жалдау 30 мың, Күнгейде арзанының өзі 200 мыңнан басталады. Әлихан ауданында баспананы жалға алу құны ерекше қымбаттаған. Ол жақта бір бөлмелі пәтерді орта есеппен 50 мың теңгеге жалдасаң, Қазыбек би ауданында дәл сондай көлемдегі баспананы жалға алу – 90 мың теңге. Ал, екі немесе үш бөлмелі пәтер жалдасаңыз 120-150 мың теңге төңірегінде.
Жалпы, баспана бағасының қ ы м б а т т а у ы н а сарапшылардың п а й ы м д а у ы н ш а бірнеше фактор әсер еткен. Жылда жаз болса жиғанын шетел асып шашатындар пандемия салдарынан сырт елдерге шықпаған. Есесіне, қаржысы қ о з ғ а у с ы з қалмасын деп баспана-тұрғынүй б и з н е с і н е құйған. Карантин салдарынан қонақүйлердің жабылуы да жалдамалы пәтер құнын құбылтқаны анық. Т о й х а н а л а р д ы ң жабылуы себебінен зәулім үйлерден пәтер жалдау құны екі есеге қымбаттаған.
Бес жылдан бері риэлторлық салада жүрген Самал Нұрмағамбетова жылжымайтын мүлік нарығына қатысты мынадай топшылау жасады:

— Баспанаға қатысты бағаның күрт құбылуына елдегі зейнетақы реформасы да ықпал етті. Пәтер құны бірден 1,5 миллион теңгеге дейін қымбаттағаны байқалды. Алайда, нарықтық баға бағынбай кетсе де, баспана алуға сұраныс саябырсыған емес. Жылжымайтын мүлік бағасы көтерілмесе түспейді, тек жаз айларында тұрақтануы мүмкін, — дейді ол.

Пандемия кезінде біраз сала тұралап, құрылыс материалдарының қымбаттауы да баспана бағасына әсерін тигізген. Бұрындары жаңа баспананың бір шаршы метрі үшін 245 мың теңгедей төлем кететін болса, қазір 265-300 мың теңгеге дейін барады. Екінші деңгейлік үйлерге жеке тұлға өз бағасын қояды. Әрине, нарықтағыдан төмен бағаға сатпасы анық.
Баспаналық бағдарламалардың басым бөлігімен жұмыс жасаушы «Отбасы банк» АҚ-нің мәліметіне сүйенсек, қарағандылықтардың басым бөлігі зейнетақы жинағының бір бөлігін бастапқы жарна етіп, баспана алуға ниетті. Қазірде Қарағанды облысының 30%-ға жуық азаматы өзінің зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалана отырып, несие рәсімдеп үлгерген. Санға шаққанда 400 млн теңгеге несие рәсімделген.

Жылжымайтын мүлік нарығындағы мамандар мен экономистер жазда пәтер құны біршама өзгеретініне сенімді. Қалай өзгерсе де, қараша халыққа қолайлы болса болғаны. Әйтпесе, зейнетақы қорындағы қаржысының бір бөлігін алғандар пәтер рәсімдеп игілікті сезінсе, өзге бір топ соның салдарынан баспананың қымбаттауынан күйініп жүр.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ
«QH»