Бір қоңырау – бір тағдыр

Төтенше жағдай кезінде уақыттың әр секунды маңызды. Осындай сәтте телефонның ар жағындағы диспетчерден сабырлылық, қырағылық және шұғыл шешім қабылдай білу талап етіледі. Себебі келіп түскен әр хабарламаның артында адам өмірі мен қауіпсіздігі тұруы мүмкін.

Азаматтық қорғау аға лейтенанты Жұмабекова Айгерім Дулатқызының күнделікті жұмысы да осындай үлкен жауапкершілікпен байланысты. Ол азаматтық қорғау органдарында 2011 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда Жоспарлау және жедел басқару орталығының Өрт байланысының орталық пунктінде аға диспетчер болып еңбек етеді.

Оның негізгі міндеті – өрт және төтенше жағдайлар туралы хабарламаларды қабылдап, қажетті ақпаратты жедел түрде тиісті қызметтерге жеткізу, оқиға орнына күштер мен құралдардың дер кезінде жіберілуін қамтамасыз ету.

Сырт көзге диспетчердің жұмысы телефон қоңырауын қабылдаумен ғана шектелетіндей көрінуі мүмкін. Алайда оның әрбір әрекетінің астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Қоңырау шалушы қанша жерден абыржып, асығыс сөйлесе де, диспетчер сабыр сақтап, қажетті мәліметтерді нақтылап, жағдайды дұрыс бағалауы керек.

Айгерім Дулатқызы бұл мамандыққа кездейсоқ келген жоқ. Азаматтық қорғау саласын таңдауға бала күнгі әсері себеп болған. Оның нағашы тәтесі де осы салада қызмет атқарған. Жас Айгерім нағашысының өз жұмысына деген жауапкершілігін, еңбекке адалдығын және адамдарға көмектесуге ұмтылысын көріп өсті. Кейін бұл қызығушылық кәсіби таңдауына айналды.

– Нағашы тәтемнің еңбегі мен үшін әрдайым үлгі болды. Оның еңбекқорлығы мен өз ісіне деген жауапкершілігі маған үлкен әсер етті. Адамдарға көмектесуге бағытталған осы мамандықты таңдауыма да сол кісінің ықпалы болды, – дейді Айгерім Дулатқызы.

Қызмет барысында жинақталған тәжірибе кейіпкерді кез келген жағдайда сабыр сақтап, шұғыл шешім қабылдауға үйреткен. Әсіресе төтенше жағдай туралы хабарлама түскен сәтте диспетчердің әрбір сөзі мен әрекеті маңызды.

– Телефонның ар жағындағы адамның дауысы қобалжулы, асығыс болуы мүмкін. Мұндай кезде диспетчер ең алдымен сабыр сақтауы керек. Қажетті ақпаратты нақтылап, жағдайды дұрыс бағалау маңызды. Өйткені қарапайым ғана телефон қоңырауының артында адамның өмірі мен қауіпсіздігі тұруы мүмкін, – дейді ол.

Аға диспетчердің айтуынша, бұл мамандық адамды үнемі жинақы болуға, тыңдай білуге және жауапкершілікпен әрекет етуге баулиды. Жылдар бойы қалыптасқан тәжірибе де осындай сын сәттерде өз көмегін тигізеді.

Айгерім Дулатқызы жас мамандарға да осы қасиеттерді бойға сіңіруге кеңес береді. Оның пікірінше, азаматтық қорғау саласында қызмет ететін адам кәсіби біліммен қатар тәртіпті, сабырлы әрі кез келген жағдайға дайын болуы қажет. Ең бастысы – таңдаған ісіне адал болу.

– Бұл саланы таңдаған жастар мамандыққа үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Үнемі ізденіп, тәжірибе жинақтау маңызды. Ең бастысы – өз жұмысың арқылы халыққа пайда келтіріп, ел қауіпсіздігіне үлес қосу, – дейді азаматтық қорғау аға лейтенанты.

Бүгінде Айгерім Дулатқызы үшін мамандықтың мәні – күнделікті атқарылатын қызметтен әлдеқайда терең. Оның жұмысы кейде көпшілікке көрінбегенімен, төтенше жағдай кезінде жедел көмектің алғашқы буынында тұрады.

Жауапкершілікті талап ететін осы қызметке адалдықпен қарап, тәжірибесін кейінгі буынға үйретіп жүрген Айгерім Дулатқызының еңбек жолы – өз ісіне берілгендіктің, сабыр мен кәсібиліктің үлгісі.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»