Білім сайысы басталды

Қарағанды қаласында республикалық XV Президенттік олимпиаданың қорытынды кезеңі өтеді. Осыған орай Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде қатысушылармен кездесу өтті.

29 қарашада басталған білім сайысы 2 желтоқсанға дейін жалғасады. Олимпиада жаратылыстану-математика бағытында өтеді. Оған еліміздің барлық аумағынан 192 оқушы қатыспақ. Қатысушылардың барлығы – 11-сынып оқушысы. Жеңімпаздар Қазақстан-Британ техникалық университеті (9) және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті (5) сияқты университеттерде оқуға грант алады.

– Олимпиаданың бірінші кезеңіне 3 мыңға жуық оқушы қатысты. Балалардың олимпиадаға қатысу көрсеткіші өсіп келеді. Олар математика, биология, химия және физика пәндері бойынша жарысқа түсті. Байқауға бұрын республикалық және халықаралық пәндік олимпиадаларға қатыспаған 11 (12) сынып оқушылары қатыса алатынын еске сала кетейік. Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен марапатталады және грант бөлуде басым құқыққа ие болады. Мысалы, былтыр министрліктің бастамасымен Қазақстанның 20 ЖОО-сы осы олимпиада жеңімпаздарына 50-ге жуық грант бөлді. Министрлікке қарасты «Дарын» орталығының өкілдері жоғары оқу орындарын білім гранттарын бөлу бастамасын қолдауға шақырды. Осылайша биыл Қазақстан-Британ техникалық университеті жеңімпаздарға 9 грант, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті 5 грант бөлді, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

28-29 қараша күндері Қарағанды қаласына келген қатысушыларды Қалалық білім бөлімінің мамандары күтіп алды. Ал Қарағанды университетінің Студенттер сарайында олимпиаданың ашылу салтанаты өтті.

Ел көлемінде өтетін білім додасында Қарағанды қаласының намысын облыс құрамасының сапында №2 лицейдің 11-сынып оқушысы Аңсар Сейітқали қорғамақ.