«БІЛІМ БЕРУДЕГІ ЖАҢА ТРЕНД, ЖАҢА КӨЗҚАРАС»


Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, республикамыздың білім беру ұйымдарында 500 мыңнан аса педагог жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 366 мың педагог мектепте қызмет етеді. Олардың барлығын еліміздің болашағын қалап жатқан жандар деуге болады. Себебі жастарға білім беріп, оларды тәрбиелеп шығаратын – осы ұстаздар. Ал мұндай жауапкершілігі жоғары саладағы қызметкерлердің өз біліктілігін арттыруы да аса маңызды. Облыс орталығында жас мамандардың кәсіби біліктіліктерін арттырып, шеберліктерін шыңдауға арналған педагогтердің әдістемелік фестивалі өтті. Тәжірибе алмасуға бағытталған шарада мектеп мұғалімдері бас қосты. Жас педагогтердің әдістемелік фестивалі «Білім берудегі жаңа тренд, жаңа көзқарас» атауымен өтті. Ұлттық ойынның да алуан түрі көпшілік назарына ұсынылды. Қыздар жағы бесасыққа қатысса, ер мұғалімдер асық ату шеберліктерін көрсетті.
– Білім сапасын көтерудегі тәжірибе алмасу бағытында үлкен жұмыстар атқарылуда. Жаңа ақпараттық технологиялар мен білім сапасын көтеруге қатысты жұмыстар көрсетілді. Халықаралық олимпиада мен жарыс жеңімпаздары жас мамандармен тәжірибе бөлісті, – дейді Білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Рахат Қазтаев.
Облыстық білім басқармасы және Білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы бірлесе өткізген фестиваль жастардың кәсіби қызметін шыңдауға, шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған. Үш кезең бойынша жас мамандар тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдай түсті. Сурет салудың түрлі ерекшелігі көрсетілсе, дене шынықтыру пәнінен де даярлаудың алуан қыры айтылды.
– Бұл форум мүмкіндіктерге толы болды. Біздің орталық заманауи жабдықтармен қамтылған, озық технологияларымыз бар. Оқу-әдістемелік орталығымен бірлескен алғашқы қадамымыз. Алдағы уақытта да тәрбие беруде басты ерекшеліктерді үйретуге жұмыс жасайтын боламыз, – деді «АРЕХ» білім беру орталығының директоры Жасұр Батыров.
Интерактивті алаңдарда зияткерлік ойындар да ұйымдастырылды. Әр қала, ауданнан жиылған ұстаздар топ-топқа бөлініп білім берудегі мүмкіндіктерін көрсетті. Тәрбие беру ісінде аға буын ұстаздардың тәжірибесіне қанықты.
– Бұл форумның аудиториясы кең. Білім беруде ұлттық тәрбиеге баса назар аударуымыз керек. Фестиваль барысында көп дүниеге көз жеткіздім. Ұлттық құндылықтарды бойымызға сіңіруіміз керек. Жұмыс істейтін мектебімде осы форумнан алған тәжірибем арқылы жаңашылдықтар енгізетін боламын, – дейді Ақтас кентінің мұғалімі Елдос Сақан.
– Педагогтердің әдістемелік фестивалі жаңа мүмкіндіктерге жол ашты дейді, – жас мамандар.
– Ендігі мақсат – тәжірибе жинақтау арқылы сапалы білім беруге жұмыс істеу, – дейді ұстаздар қауымы.
Фестивальға 100-ден астам мұғалім жиналған. Шарада сондай-ақ көпшілікке көрме ұсынылып, қолөнер шеберліктері көрсетілді, қыш ыдыстар мен тұз қосылған наннан түрлі бұйым жасалған.