Би ырғағымен
Қарағандының Орталық саябағында көше биі фестивалінің ашылуы өтті. Хип-хоп пен брейкингіге әуес жастар саябақтағы жағалауда өнерлерін паш етті. Ырғақты бимен әдемі көрініс сыйлаған бишілер өнері елді қуантты.
Көше биі фестивалінің ашылуы аса әсерлі әрі ерекше еркіндікте өтті. Бұл жолы – тек іріктеу кезеңі. Қазақстанның әр түрлі қаласынан 300-ге жуық жеткіншек балалар би алаңына топтасып, хип-хоп және брейкинг сияқты танымал стильдерден батл сайысына жиналған.
– Батл дегеніміз – бишілердің әуен ырғағымен импровизация жасап, ұсынылған ырғаққа сай жалғыздан-жалғыз қимыл-әрекеттерін үйлесімді көрсететін сайыс түрі. Біздің арнайы диджейіміз бар. Ол ырғақты қосып, қатысушылар алдын ала дайындықсыз өнерін ұсынады. Сезімдерін қимыл-әрекетпен көрсетеді, – дейді «Ұрпақ-поколение – 2024» фестивалін ұйымдастырушы Анастасия Мельничук.
Акробатикалық қозғалыстар, мысалы, баспен тұрып аяқты би ырғағына келтіре айнала қозғалу, еденде аяқпен жылдам-жылдам қозғалыс жасап музыкамен бірге қимыл-әрекетке көшу – брейкинг. Ырғақты бидің ұтымды көрінісін келістіргендердің өнерін қазылар анықтап, үздіктерді іріктейді. Жеңімпаздар келесі кезеңге өтіп, ақыр соңында ең мықты топ анықталады. Көше биіне әуес сайыскерлер сапындағы брейк-дэнсер Тагир 11 жаста, ол өз елінде ғана емес, шетелде де бағын сынап жүр. Мәскеуде өнер көрсеткен ол жүлделі орындарды, соның ішінде бірінші орынды да жеңіп алғанын айтады.
– Мен брейкпен 4 жасымнан айналысып келемін. Бидің бұл түрі маған өте қатты ұнайды. Шапшаң қимыл-қозғалысты, билегенде жинақылықты қалайды. Сол үшін осы биге ден қойдым, – деп атап өтті шараға қатысушы Тагир Нұрланұлы.
Бұл фестивальға ұл балалар ғана емес, қыз балаларымыз да қызығады. Қалай дегенмен, би – өнер, кей бала үшін бұл фестиваль – алғашқы сайыс. Ырғақты музыка мәнерімен жас дарындар өнерлерін көрсетіп, қимыл-әрекеттерін үйлестіре ұсынып жатты. Сонымен қоса бұл алаңда жаңа таныстар тауып, өздері үшін ұмытылмас әсер алғаны сөзсіз. 1 маусым күні көше биі фестивалінен қорытынды нөмірлер мен жеңімпаздарды марапаттау шарасы өткізілді. Бұл шара хип-хоп пен брейктің жай би емес, энергияға толы әсерлі көрініс екенін дәлелдеді.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»