Берекелі күздің базары
Күз – ауыл еңбеккерлерінің жыл бойғы маңдай тері ақталып, жердің берекесі ел дастарқанына жететін кезең. Осы уақытта тұрғындардың қысқы азық-түлік қорын толықтыруына мүмкіндік беретін жәрмеңкелердің де маңызы арта түседі. Қарағандыда басталған «Дала дәмі» күзгі жәрмеңкелері осы мақсатты көздейді.
Қарағанды қаласындағы Әшімов көшесінде орналасқан жаңа алаңда «Дала дәмі» атты алғашқы күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Сауда алаңына облыстың жеті ауданынан 90-нан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мен қайта өңдеу кәсіпорны қатысты.
Жәрмеңкеге ауылшаруашылығы өнімдерінің кең түрі шығарылды. Тұрғындарға ет, картоп, көкөніс, сүт және балық өнімдері, жұмыртқа және басқа да азық-түлік тауарлары ұсынылды. Алғашқы саудаға 450 тоннадан астам өнім жеткізілді.
Оның ішінде 52 тонна ет, 240 тонна картоп, 110 тонна көкөніс, 16 тонна сүт өнімі, 9 тонна балық бар. Бұдан бөлек, тұрғындар 170 мың дана жұмыртқа және өзге де 20 тонна ауыл шаруашылығы өнімін сатып ала алады.
Жәрмеңкенің тұрғындар үшін басты ерекшеліктерінің бірі – бағаның қолжетімді болуы. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ұсынылған өнімдердің құны орташа нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен болды.
Бұл әсіресе күзгі маусымда азық-түлік қорын толықтырып, қысқа дайындық жүргізетін отбасылар үшін маңызды. Өнімнің тікелей өндірушіден ұсынылуы арадағы делдал санын азайтып, тұтынушыға тауарды тиімді бағамен алуға мүмкіндік береді.
– Негізінен тұрғындардың күнделікті сұранысындағы өнімдер ұсынылады. Ет, картоп, көкөніс, сүт өнімдері, жұмыртқа және балық бар. Биылғы өнім көлемі жаман емес. Біз үшін бастысы – шаруалардың еңбегін халыққа тікелей жеткізу және тұрғындарға өнімді қолайлы бағамен ұсыну, – дейді ұйымдастырушылар.
Биыл ауылшаруашылығы саласы үшін ауа райы да оңай болған жоқ. Қуаңшылыққа қарамастан, өңір шаруалары егіннен өнім жинап, халыққа қажетті азық-түлікті өндіру жұмыстарын жалғастырды. Мал шаруашылығында да өсім бар. Осы еңбектің нәтижесі жәрмеңке сөрелерінен көрініс тапты.
Мұндай сауда алаңдарының әлеуметтік маңызы осында. Бір жағынан, қала тұрғындары сапалы әрі балғын өнімді қолжетімді бағамен сатып алады. Екінші жағынан, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз өнімін делдалсыз тікелей тұтынушыға ұсынып, өткізу нарығын кеңейтеді.
Яғни «Дала дәмі» – жай ғана сауда орны емес, ауыл мен қала арасындағы байланысты нығайтатын алаң. Мұнда ауыл еңбеккерінің еңбегі қала тұрғынының дастарқанына тікелей жол тартады.
Жәрмеңке маусымы мұнымен тоқтамайды. Қарағанды қаласында «Дала дәмі» сауда қатарлары 3, 10, 17 және 31 қазан күндері Әшімов көшесіндегі жаңа алаңда жалғасады. Ал 7 қарашада жәрмеңке Балқаш, Теміртау, Шахтинск, Приозерск және Саран қалаларында ұйымдастырылады.
Бұл шаралар тұрғындарға қажетті азық-түлікті қолайлы бағамен сатып алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарығын кеңейтуге де ықпал етеді.
Жергілікті өнімді қолдау – ауылдағы кәсіптің дамуына, еңбек адамын ынталандыруға және өңірдің азық-түлік тұрақтылығын сақтауға бағытталған маңызды қадам. Ал өндіруші мен тұтынушының тікелей байланысы бұл үдерісті одан әрі нығайта түседі.
Күзгі жәрмеңкелердің тағы бір құндылығы – ел еңбегінің нәтижесін көпшілікке көрсетуінде. Егістіктен жиналған картоп пен көкөніс, шаруашылықтан шыққан ет пен сүт өнімдері – ауылдағы тынымсыз еңбектің жемісі.
«Дала дәмі» жәрмеңкелері осы еңбекті қала тұрғындарына таныстырып, жергілікті өнімнің тұтынушыға тікелей жетуіне мүмкіндік беріп отыр. Берекелі күздің сыйын халыққа қолжетімді ету арқылы мұндай шаралар ауыл мен қала арасындағы өзара байланысты күшейте түседі.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

