Белгілі құқық қорғаушы Салтанат Тұрсынбекова Қазақстан Президенттігіне кандидат болып ұсынылды


20 қарашада өтетін ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына тағы бір әйел кандидат ұсынылды.
Бүгін Астанада «Қазақ аналары-дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің жиыны өтті. Онда Президент сайлауына үміткер ретінде аталған бірлестік атынан Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекова ұсынылды. Кандидатураны бірлестіктің елордадағы 20 өкілі мен жиынға бейнебайланыс арқылы қатысқан 18 өңірдегі мүшелері қолдады.
Салтанат Тұрсынбекова – белгілі қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат Ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары. Соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы және оның алдын алуға арналған бірнеше әлеуметтік жобаларға жетекшілік еткен.
Ол 1966 жылы Жамбыл облысында туған, отбасылы, 2 бала тәрбилеп отыр. Мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі 30 жылдан асады.
«Қазақ аналары-дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі Салтанат Тұрсынбекованың құжаттарын бүгін Орталық сайлау комиссиясына тапсырмақ.
Еке салсақ, 7 қазанда «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі кезектен тыс президент сайлауына Қарақат Жақсылыққызы Әбденнің кандидатурасын ұсынған болатын.
Қарақат Әбден – танымал қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат Ұлттық комиссиясының мүшесі, Астана әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, елорданың қоғамдық кеңесінің мүшесі, мәслихат депутаты. Төрт бала тәрбиелеп отыр.
8 қазанда Қарақат Әбден Орталық сайлау комиссиясының қарауына кандидат ретінде құжаттарын тапсырды.