Бейәдеп береке бермейді
Қазіргі таңда әлеуметтік желіні ашсаң да, теледидарды қоссаң да, әдепсіз сөздер тым жиілеп барады. Әрине, телеарналар айтылған ондай «жаман» сөздерді бүркемелеп, өшіріп беріп жүргенімен, оның қандай сөз екенін ішің сезіп отырады. Кейде біреулердің көшеде қалта телефонымен екінші жақтағы адамға неше түрлі сөз айтып сыбап бара жатқанын естисің.
Сондықтан мен қазіргі таңда сөйлеу мәдениетінің деңгейі апатты жағдайда тұр деген оймен сондай балағат сөздерді «жай адамдар» тұрмақ, саясаткерлер де, кино актерлері де, тіпті журналистер де айтып жіберуге ұялмайтыны жайлы тақырыпты қозғағым келіп отыр. Бұл – өте өкінішті жағдай, өйткені дөрекі тіл мен мәдениет – бір арнаға сыятын мәселе емес. Ол – ең кем дегенде мәдениетсіздіктің мәселесі, ұятсыздықтың көрінісі. Оны бұдан әрі өршітіп, дамутыға тосқауыл қоюымыз қажет деп ойлаймын. Арамдыққа толы арсыз сөз бен ұятсыз тіл зұлымдыққа, рухани жағынан кембағалдыққа, топастыққа әкеліп, әдеп дүниесінің жойылуына итермелейді.
Балағат сөздердің, яғни әдепсіз өрнектермен толтырылған сөйлеу құбылысының көптеген анықтамасы бар. В.Дальдың сөздігінде «арамдық – тәндік және рухани жағынан жиіркенішті, лас айла, жаман, әдепсіз нәрселердің бәрі; лас, кір және шірік, азғындық, моральдық бұзылу; Құдайға қарсының бәрі» делінген.
Балағат сөздердің шығу тарихы мыңдаған жылдарға, ертедегі пұтқа табынушылықтан басталып, ежелгі дәуірге дейін созылады. Пұтқа табынушылық дәуірінде бұл сөздерді мерекелерде айтуға тек діни қызметкердің ғана құқығы болды және бұл сөздерді дауыстап айту ешбір адамның ойына да келмейтін. Сол кездің адамдары бұл сөздердің қандай күшті қуатқа ие екенін, қажетсіз қолданылса, қандай қауіп төндіретінін білген. Осылайша балағат сөздерді жындармен сөйлесу тілі деп есептеді. Қазіргі адамдар болса достарымен, туған-туыстарымен әңгімелесу кезінде балағат сөздер айтып, күн өткен сайын, жылдан-жылға өздерінің басына, жақындарының басына жамандық шақырып, жасырын рәсім жасап отырғанына күдіктенбейді де.
Ресейде ХІХ ғасырдың ортасына дейін дөрекі және бейәдеп сөздер айту қылмыстық құқықбұзушылық болып саналды. Алексей Михайлович Романов патша кезінде көшеде балағат сөздер есту мүмкін емес еді. Кеңес кодексіне сәйкес, әдепсіз сөздерді қолданғаны үшін өлім жазасына дейін ауыр жаза тағайындалды.
Бірінші Петр кезінде «Юности честное зерцало» кітабы жарық көрді, онда адамдардың әдепті мінез-құлқын ант беруден толықтай бас тарту арқылы ғана тануға болатыны жазылған.
Қазақ халқы бейәдеп сөздерге, балағаттауға ежелден-ақ қарсы болған. Ондай сөздердің жамандық шақыратындығын баса айтып, хандарымыз бен билеріміз былапыт сөздерге ерекше тыйым салған. Біреуге жазықсыз тіл тигізген адамға дүре соғу жазасын қолданған. Соған орай халқымыз қандай да болмасын жамандықты тікелей айтпай, тұспалдап, астарлы сөзбен жеткізген. Ата-бабаларымыз балағаттап, бейәдеп сөйлейтін адамдарды «аузы былғаныш» деп маңайына отырғызбаған, төрге шығармаған. Тіпті қайтыс болған адамның сүйегіне де түсірмеген, намазына да тұрғызбаған.
Еске сала кетсек, КСРО кезінде қоғамдық орында әдепсіз сөздер немесе балағат сөздер айтқаны үшін Қылмыстық кодекс бойынша 15 тәулікке дейін қамауға алынатын.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында қоғамдық орындарда әдепсіз сөздер айту ӘҚБтК-нің 434-бабына сәйкес ұсақ бұзақылық деп танылып, 5 АЕК көлемінде айыппұл салуға және 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. Бірақ соған қарамастан әлеуметтік желідегі бейәдеп сөздерге тосқауыл қоя алмай отырмыз.
Римдік философ, ақын және қоғам қайраткері Сенеканың «Сөйлеу – ақыл-ойдың көрсеткіші» деп айтқанын бәріміз де білеміз. Соған қарайтын болсақ, бейәдеп сөздер қолданатын адамның ақыл-ойының қандай екендігі өзінен-өзі белгілі болады. Біздің халқымыз сондықтан «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Сөз қадірін білмеген өз қадірін де білмейді», «Айтылған сөз – атылған оқ», «Қаһарлы сөз қамал бұзар», «Жақсы сөз – жан азығы» деп тегін айтпаған. Халқымызда сөзге, дұрыс сөйлей білуге қатысты мұндай мақал-мәтелдер өте көп. Бұлар – соның бірнешеуі ғана.
Соңғы жылдары ақыл-ойы мен денесінің дамуы тежелген балалардың саны артып келеді. Оның ішінде ұлт генофондын жалғастырушы болып саналатын болашақ ана – қыздарымыздың созылмалы дертке шалдығу санының көбеюін үлкен қасірет деуіміз керек. Жалпы алғанда, өмір сүру ұзақтығы бойынша Қазақстан әлемде 105-орында (193-тен), биыл түлектердің 40%-ға жуығы ҰБТ-дан шекті балл жинай алмады.
Бұл фактілердің көптеген себебі бар, бірақ олардың арасында біздің сөздік босаңсуымыз да маңызды рөл атқарады. Ғалымдар біз айтқан әрбір сөз гендерімізге өте айқын әсер ететінін дәлелдеп шықты. Адамда қандай да бір қуат қана емес, оның әрбір сөзінің өзіне тән қуаттық заряды болатыны дәлелденген. Зерттеулер көрсеткендей, әдепсіз сөйлеушілер жасушалық деңгейдегі өз жасына байланысты өзгерістерге өте тез ұшырайды, ал бұл өз кезегінде кез келген ауру түрінің өршуіне әкеліп соғады.
Адам сөзін электромагниттік тербелістерге айналдыратын аппарат ойлап табылды. Олардың ДНК молекулаларына әсер ететіні де белгілі. Ғалымдар кей сөздің минадан да «жаман» болуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Олар адамның генетикалық аппаратында «жарылып», оның тұқым қуалайтын бағдарламаларын бұрмалайды, азғындыққа әкелетін мутациялар тудырады. Балағат сөздердің адам ағзасындағы шығармашылық процестерді тежейтін қасиеті де бар екен. Сөйтіп, өзін-өзі жою бағдарламасы ұрпақтан-ұрпаққа біртіндеп осылай беріліп жатыр.
Тәжірибе жүргізген ғалымдар он мың рентген сәулесімен өлген тұқымдарға (ұрыққа) «батасын берді», олардың үстіне дұға етті, содан кейін шатастырылған гендер, сынған хромосомалар мен ДНК спиральдары орнына түсіп, бірге өсті, өлі тұқымдар өмірге қайтадан оралды.
ДНК молекулалары мұндай ақпаратты электромагниттік толқындар, соның ішінде акустика және жарық арқылы алмасады. Біздің сөйлеуіміз де – энергия толқыны. Ғалымдар ДНК адамның сөзін, оның толқындық «құлақтары» дыбыс тербелістерін қабылдауға бейімделгендіктен, дұға сөздері генетикалық аппараттың резервтік мүмкіндіктерін оятатын болса, қарғыс сөзі толқындық бағдарламаларды, яғни ағзаның қалыпты дамуын бұзады деген таңғаларлық қорытындыға келді.
Тағы бір қызық байқау балағат сөздермен байланысты болды. Өздерінің ұлттық тілдерінде балағат және бейәдеп сөздері жоқ елдерде Даун ауруы мен церебралды сал ауруы мүлде табылмаған екен. Сондай-ақ жануарларда көп ауру түрлерінің болмауы олардың сөйлей алмағандықтарымен байланысты болып шықты.
Сонымен, «балағат және бейәдеп сөздермен күресу керек пе, әлде жоқ па?» деген сұрақ туындайды. Әрине, күресу керек! Олай болса онымен қалай күресу керек?
Балағат сөздер – өкінішке қарай, өмірдің нақты әрі қатал шындығы. Мұны анық аңғара отырып, біз осындай келеңсіздікке бейжай қарап отыра беруіміз жөн бе? Шындығына келсек, осындай балағат, бейәдеп сөздердің біздің қоғамға, біздің өмірімізге қажеті бар ма?
Осыларды ойлай келешек ұрпаққа, жастарға дұрыс тәрбие бермейтін мұндай бейәдеп сөздерге жол беруге болмайды деп шештім. Ол үшін бұлармен батыл күрес жүргізгеніміз дұрыс. Соған орай ондай былапыт сөздермен күресудің төмендегідей бірнеше жолын ұсынамын:
- Сауаттылық пен мәдениеттің жалпы деңгейін арттыру;
- Тіліміз бен әдебиетімізді тереңдете түсу;
- Адамдарға деген сүйіспеншілікті арттыру;
- Қатаңырақ заңдар мен айыппұлдар қолдану;
- Салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау;
- Қоғамда балағат сөздер айтқан әдепсіз адамдарға төзбеушілік таныту, оларға шаралар қолдану;
- Әлеуметтік желілерде болсын, теледидарлар мен киноларда болсын бейәдеп, жаман сөздерді қолдануды тоқтатуға арналған шараларды жүзеге асыру.
Салауатты өмір салтын ұстанатын және насихаттайтын, дене мәдениеті мен моральдық жағынан салауатты өмір салтын ұстанатын адам ретінде баршаңызды адамгершілік пен руханиятқа, кез келген ұлттың жаны саналатын тіл мәдениетін дамытуға, әдепті сөйлеуге шақырамын. Сіздер қалай ойлайсыздар?
Құдайберген БЕКСҰЛТАНОВ,
Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы