Базар көлеңкесіндегі аула: тұрғындар берекесіздікке шағымданды

Затаевич көшесінің тұрғындары базар маңындағы ауланың жылдан-жылға күрделеніп бара жатқан жағдайына алаңдаулы. Олардың айтуынша, үй маңы тұраққа, транзиттік жолға және бақылаусыз аймаққа айналып, қарапайым тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр.

Тұрғындардың шағымы бойынша барған тілшілер ауланың қазіргі ахуалын өз көздерімен көрді. Түске қарай аула ішіне кірген көліктердің көптігінен жаяу жүргіншілерге жүру мүмкін болмай қалған. Жолдың тарлығы ғана емес, ережесіз тұрақ, қоқыс және бейберекет қозғалыс тұрғындардың күнделікті өміріне кедергі келтіруде.

«Мұнда келетіндер көліктерін қалай болса солай қояды. Кешке далаға шығу мүмкін емес. Тіпті жедел жәрдем көлігі де кіре алмай қалды. Жолды матрас тиеген көлік жауып тастаған», – дейді тұрғын.

Тұрғындардың айтуынша, бұл үй 1990 жылы қызметтік тұрғын үй ретінде салынғанымен, кейінгі жылдары маңайдағы базардың кеңеюі жағдайды күрделендіріп жіберген. Бүгінде аула маңы сауда орталығының тұрақ аймағына айналғандай әсер қалдырады.

«Шлагбаум бар, бірақ ақылы болғандықтан көпшілік ақша төлемей, бәрі біздің аулаға кіріп кетеді», – дейді Фарида Мұхтарова, Затаевич көшесінің тұрғыны.

Тек көлік мәселесі емес, тұрмыстық инфрақұрылым да сын көтермейді. Қоқыс жәшіктерінің айналасындағы тазалық, қоршаудың жоқтығы және аула күтімінің әлсіздігі тұрғындардың ашуын туғызған.

«Бізден үнемі ақша ұстайды, бірақ нақты жұмыс көрінбейді. Қоршау жоқ, қоқыс жәшіктері ашық жатыр. Барлығын өзіміз жөндеп келеміз», – дейді Тамара Исаян.

Аулада тәртіпсіздік тек көлікпен шектелмейді. Тұрғындар қоғамдық тәртіптің бұзылуы, беймаза топтардың жиналуы және санитарлық жағдайдың нашарлығын да атап өтті. Олардың сөзінше, кешкі уақытта аула қауіпсіз орта емес.

«Жарық жоқ, мастар жүреді, орындықтар қираған. Балалар ойнайтын алаң да жоқ. Біз бірнеше рет айттық, бірақ нәтиже жоқ», – дейді Елена Шамова, Затаевич көшесінің тұрғыны.

Кей тұрғын базар маңындағы кәсіпкерлік нысандардың қалдықтарды ортақ контейнерлерге тастайтынын да алға тартады. Бұл ауладағы қоқыс көлемін арттырып, санитарлық жағдайды одан әрі ушықтырған.

«Барлығы қоқысын біздің контейнерге әкеліп тастайды. Бұл қалыпты жағдайға айналып кетті», – дейді тұрғындар.

Тұрғындар бірнеше рет жергілікті әкімдікке шағымданғанын, кездесулер өткенін айтады. Алайда, олардың пікірінше, нақты нәтиже әлі күнге дейін байқалмай отыр.

Затаевич көшесіндегі жағдай – қаладағы базар маңындағы аулалардың ортақ мәселесін көрсететін мысал. Тұрғындар енді тек уәде емес, нақты шешім күтеді.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»