БАТЫР ЕРЛІГІ ЕЛ ЕСІНДЕ

Қарағандыдағы 52859 әскери бөліміне Кеңес Одағының Батыры Мартбек Мамыраевтың есімі берілді.

– Мартбек Мамыраев – жауынгерлік ерлігімен ғана емес, ерен еңбегімен де ұрпаққа үлгі бола білген тұлға. Қарағанды көмір өнеркәсібінің дамуына да өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға, – дейді 52859 әскери бөлім командирінің міндетін уақытша атқарушы Рустам Осипов. – Біздің әскери бөлімге батыр есімін беру – өңірдің барлық әскери қызметшілері мен тұрғындары үшін маңызды оқиға. Ер есімі ел есінен ешқашан ұмытылмайды. Батырдың ерлігі – ұрпаққа ұран.

Осы күні әскери қызметшілер шеру алаңында альпинистік жабдықты қолдана отырып мығым дайындығын байқатты. Антына адал азаматтар шын шеберліктерін көрсетті.

Арнайы техникалар көрмесін көпшілік таңдай қағып тамсана тамашалады. Жиналған қауымның назарына Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік әртістерінің концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Әсіресе Мартбек Мамыраевтың қызы Клараның әкесі туралы ескірмейтін естелігі көпшіліктің көңілін толқытып, ел жүрегін тебірентті.

– Әкем өте патриот жан болды. Еңбекқор, кітап оқығанды ұнататын еді. Өмір бойы бізге үлгі болды. Әкем туралы естеліктерімді ұрпақтарыммен бөлісуге тырысамын. Еңсесін тік ұстап, батырға лайық өмір сүрді. Адал еңбек етті. Оның есімі әскери бөлімге берілгеніне дән ризамыз, – дейді Клара Мамыраева.

Мартбек Мамыраев 1908 жылы 7 наурызда Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Оның еңбек жолы Қарағанды көмір өндірісімен тығыз байланысты. Ұлт перзенті 1942 жылы өз еркімен майданға аттанған. 1943 жылы қыркүйекте Днепр өзені бойындағы шайқас кезінде 12-атқыштар дивизиясының 32-атқыштар полкінің пулеметін басқара отырып жауынгерлік ерлік жасайды.

Ол – армия бөлімшелерінің өтуін қамтамасыз етумен қатар фашистердің бірнеше шабуылына тойтарыс берген қайсар батыр. Ауыр жараланып елге оралған соң халқы үшін аянбай адал қызмет етті.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»