БАТПАҚТЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ СУСАП ОТЫР

Наталья Шмидттің көпбалалы жанұясы Батпақтыда баяғыдан бері тұрып келеді. Өздері ауылдың төменгі жағынан қоныс тепкен. Жаздың аптап ыстығында түнімен тамшылап аққан суды кірпік ілмей күзетіп отыратынын жасырмайды. «Жаңбырлы күндері судың ағыны қатты. Ал, ыстық болса сусап қаламыз. Себебі тұрғындардың көбі бау-бақшасын ауыз сумен суарады. Салдарын біз тартамыз. Таңғы 5-6 ға дейін үйдегі бос ыдысты суға толтырып отыратын күндеріміз болады» — дейді ол.

Әкімдік болса, ауылдың тұрған жерінің өзі жер асты суларынан алыста екендігін айтады. Сондықтан құбыр 12 шақырым қашықтықтан тартылған. Алыстан жеткізілетіндіктен кез келген насос шыдас бермейді, ал қысымы әлсіздеу болады екен.

«Ауыл тұрғындарын жинап, комиссия құрып, судың құнын орнатқанбыз. Қазір ол жан басына шаққанда 300 теңге. Бұл тариф қазір арнайы комитетте бекітіліп жатыр. Ауылда 300-ге жуық түтін бар, суға сұраныс жыл сайын артып келеді»- дейді Батпақты ауылдық округінің әкімі Асқар Жанарыстанов. Сондықтан алдағы уақытта әр үйге есептегіш құрал қою керек деген пікірде. Себебі олай болмаса үлкен бау-бақшаны ауыз сумен суаратындардың кесірінен су тапшылығы жақын арада шешілмейді деп отыр.

Батпақты ауылында мыңнан астам тұрғын бар. Былтыр 40 жыл бойы жөндеу көрмеген су құбыры толық ауыстырылыпты. Енді бұл қызметті коммуналдық қызметке өткеру жұмыстары бар. Кейін олар есептегіш құралын орната бастайды. Бұл оң нәтиже беруі тиіс. Себебі көршілес ауылдардағы су тапшылығы проблемасы дәл осылай шешіліпті.

Расул МҰХАММЕД, QH.