Басты талап – білікті маман

Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжінің студенттері жұмыс берушілермен кездесу өткізді. Дөңгелек үстел форматында өткен жиында оқу ордасының өкілдері білім беру бағдарламасымен таныстырып, білікті маман дайындау ісіне жұмыс берушілердің де белсенді қатысуына үндеді. Өз кезегінде кәсіпкерлер болашақ мамандарды оқытуға қатысты ұсыныстарын айтып, әріптестік мәселелері жөнінде сұрақтарын қойды.

– Бүгінгі жиынның басты мақсаты – білікті маман дайындау мәселесіне қатысты оңтайлы шешім табу. Қазіргі таңда жұмыс берушілер тарапынан жас мамандарға, түлектерге қатысты сын жиі айтылады. Яғни жұмыс берушілер тәжірибесіз жасты жұмысқа алғысы келмейді. Оның біліктілігіне күмәнмен қарайды. Бұл жайт жастардың жұмыссыз қалуына, ал кәсіпорында кадр тапшылығының пайда болуына әкеп отыр. Қазіргі оқу бағдарламасы колледждерге академиялық еркіндік береді. Біз жұмыс берушімен ынтымақтастық орнату арқылы оған қажетті мамандар әзірлеуге толық қауқарлымыз. Әрі бұл әріптестік білім сапасын арттырып, түлектеріміз де оқуын тәмамдаған соң жұмыс іздеп қиналмас еді, – дейді колледж директоры Дмитрий Цай.

Жиынға қамқоршы кәсіпорындар, дуальды оқытуға қатысушы кәсіпорындар және азаматтарды жаңа мамандыққа қайта бейімдеуге қатысушы ұйымдар, сондай-ақ колледждің жоғарғы курс студенттері қатысты. Бір айта кетерлігі – студент жастармен кездесуге келген жұмыс берушілердің басым дені бір кездері осы оқу ордасында тәлім алған азаматтар екен. Олар диплом алып, еңбекке араласқан соң да колледжбен байланысын үзбеген. Қайта өздері ашқан кәсіпорын жұмысын жандандыру үшін жас мамандарды тартуға, олардың сапалы білім алуына қолғабыс көрсетіп келеді екен. Солардың бірі – «Estel centre Karaganda» студиясының технологі Владимир Вахитов және оның көмекшісі Анастасия Жмайлова. Айта кету керек, Анастасия қазіргі таңда колледждің соңғы курсында тәлім алып жүр. Әйтсе де өзінің талабы мен талантын көрсете білгендіктен осы бастан еңбекке араласқан.

Жиынға Қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары да қатысты. Олар жұмыс берушілер мен студенттерге «Жас маман», «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламалары туралы толыққанды ақпарат ұсынды. Бұл өз кезегінде жұмыс берушілердің де айтарлықтай қызығушылығын туғызды. Өйткені жас маман еңбекке араласып тәжірибе жинағанша, оның еңбекақысын мемлекет төлейді. Ал кәсіпкер болса, біріншіден, арзан жұмыс күшін иеленеді, екіншіден, жас маманды еңбекке баулуға жұмсаған уақыты үшін қаражат жұмсамайды.

Жиын соңында жұмыс берушілер мен колледж әкімшілігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.