Басшылыққа бастар баспалдақ
Қарағанды облысында білім беру саласына тың серпін беретін жаңа бастама қолға алынды. Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей әлеуметтік желідегі парақшасында өңірде алғаш рет «Болашақ басшы» жобасы пилоттық режимде іске қосылғанын мәлімдеді. Бұл жоба – жай ғана оқыту курсы емес, мектеп басқару жүйесіне жаңа көзқарас қалыптастыруды мақсат еткен кешенді бағдарлама.
Жобаның басты мақсаты – көшбасшылардың жаңа буынын қалыптастыру және болашақ мектеп директорларының кадрлық резервін дайындау. Білім беру саласындағы басқару мәдениетін жаңғырту арқылы стратегиялық ойлайтын, өзгеріске бейім, заманауи талаптарға сай жетекшілер пулын жасақтау көзделген. Қазіргі таңда тіркелген 400-ден астам үміткердің ішінен 200 маман іріктеліп, арнайы оқыту курстарына қатысуда. Бұл – бәсекелестіктің жоғары болғанын және жобаға қызығушылықтың артқанын көрсетеді.
Бағдарлама 7 модульден тұрады. Оқу үдерісі workshop, сараптамалық дәрістер, кейс-талдау және менторлық сессия форматында ұйымдастырылған. Мұндай тәсіл қатысушылардың тек теориялық білімін арттырып қана қоймай, нақты жағдайларды шешу арқылы басқарушылық қабілетін жан-жақты дамытуға бағытталған. Әсіресе, мектепішілік менеджмент, кадр саясаты, қаржылық сауаттылық, білім сапасын бағалау және коммуникация дағдыларына басымдық берілген.
Кездесу барысында әлемнің дамыған елдерінің білім беру тәжірибесі талқыланды. Атап айтқанда, Сингапур, Канада және Финляндия елдерінің білім жүйесіндегі озық үлгілері мысалға алынды. Бұл мемлекеттерде мектеп директоры тек әкімшілік қызметкер емес, стратег әрі команда көшбасшысы ретінде бағаланады. Осындай тәжірибелерді зерделеу арқылы өңірлік білім беру жүйесіне бейімдеу жолдары қарастырылды.
Сонымен қатар «Адал азамат» тұжырымдамасы мен жаңа Конституциядағы адами капиталды дамыту идеясының маңызы атап өтілді. Бүгінде білім сапасы көбіне мектеп басшысының кәсібилігіне байланысты екені халықаралық зерттеулермен дәлелденген. Бұл бағытта ЮНЕСКО және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сияқты халықаралық ұйымдардың зерттеулері негізге алынған. Сарапшылардың пайымынша, тиімді басқару моделі қалыптасқан мектептерде оқушылардың үлгерімі де, мұғалімдердің мотивациясы да жоғары болады.
Кездесуге қатысушылар мектеп директоры қызметіне деген көзқарасының өзгергенін айтып, жобаның маңызын ерекше атап өтті. Олар тек басқару тетіктерін меңгеріп қана қоймай, адал әрі әділ басшы болуға ұмтылып отырғандарын жеткізді. Өйткені қазіргі қоғамда мектеп басшысы – тек білім ордасының әкімшісі емес, ата-ана, ұстаз және оқушы арасындағы сенім көпірін қалыптастыратын тұлға.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама өңірлік және ұлттық деңгейде кәсіби, жауапкершілігі жоғары және құндылықтарға берік жаңа буын басқарушылардың қалыптасуына ықпал етеді. «Болашақ басшы» жобасы пилоттық кезеңнен сәтті өтсе, оның ауқымы кеңейіп, басқа өңірлерге де үлгі болуы мүмкін.
Осылайша, Қарағанды өңірінде басталған жоба білім саласындағы кадр саясатын жаңаша қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамға айналып отыр. Себебі сапалы мектеп – сапалы басшылықтан басталады, ал білікті басшы – болашақ ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін стратегиялық тұлға.
Ералы ҒАНИ,
«QH»


