Бас шыршаның шамдары жағылды

Өзінің әдемілігімен көз тартатын 18 метрлік шыршаның жағылу салтанатына жүздеген
қарағандылық келді.

Олар үшін ойын-сауық бағдарламасы дайындалды. Кештің иелері алдағы жаңажылдық мерекенің басты кейіпкерлері болды. Сахнада танымал мультфильмдердің кейіпкерлері ән салып, би биледі. Сондай-ақ, тарих қойнауына еніп бара жатқан сиыр жылын шығарып салып, келе жатқан барыс жылын қарсы алды. Алдағы келе жатқан жаңа 2022 жылмен Аязата мен Ақшақар қала тұрғындары мен мәртебелі меймандарды құттықтады.

Бұдан соң шыршаның шамы жағылды. Салтанаттың шырқау шегі отшашуға ұласты. Салтанатқа келгендерге қаламыздың өнерпаздары өнерлерін паш етті. Бұл мереке санаулы күннен кейін жаңа жылдың есік қағып кіретінін және бір еске салды.

Қаланың төрінен, Тәуелсіздік алаңынан, орын алған шыршаның маңайы ымырт үйіріле жарқын күлкі мен әзіл, ән мен бидің алаңына айналды. Әдеттегідей Аязата мен Ақшақардың шеруі қалалықтардың мерекелік көңіл-күйіне серпін бере түсті.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
QH.