Бас шыршаның шамдары жағылды
Қарағандыда Тәуелсіздік алаңында орналасқан бас шыршаның шамдары жағылып, Жаңа жылдық мерекелер салтанатты түрде басталды. Ерекше сәтті тамашалау үшін мыңдаған қала тұрғындары мен қонақтары жиналды.
Шараның басты қонақтары – Аяз Ата мен Ақшақар, сондай-ақ 2025 жылдың символы – Жасыл жылан, көрермендерді Жаңа жылмен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Шырша шамдары жағылғаннан кейін аспанды түрлі-түсті отшашу безендіріп, мерекелік атмосфераны айшықтады.
Қарағандылықтар бір-біріне қуаныш сыйлап, көтеріңкі көңіл-күйде болды. Көптеген тұрғындар жыл сайын осы дәстүрлі шараға отбасымен келетінін атап өтті.
-Біз жыл сайын бүкіл отбасымызбен шыршаны жағуға келеміз. Бұл әрдайым ерекше көңіл-күй сыйлайды. Балалар мәз-мейрам болып, керемет эмоция алады. Әртістердің өнері жоғары деңгейде. Баршаңызға жаңа жылда бақыт, амандық және барлық жақсылықты тілеймін! –дейдә қала тұрғыны Жансая Қалиақпарова.
Тағы бір тұрғын Айнұр Қанатова: «Біз мұнда алғаш рет келіп отырмыз. Немерелеріме ерекше жаңа жылдық көңіл-күй сыйлағым келді. Атмосфера керемет! Балалар мәз болып жатыр, ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Баршаңызға зор денсаулық пен бейбіт аспан тілеймін!» -деп пікір білдірді.
Мерекелік шара шырша жанында ұйымдастырылған концерттік бағдарламамен жалғасты. Жергілікті музыканттар өз өнерлерін көрсетіп, көрермендерге мерекелік ән мен би ұсынды. Қала тұрғындары шырша жанындағы әдемі шамдармен және сәнді безендірілген фигуралар фонында суретке түсіп, ерекше сәттерді естелікке қалдырды.
Шара қаламыздың орталық саябағында жалғасын тапты. Мұнда жаңа фотоаймақтар мен жарқыраған фигуралар орнатылып, мұз айдыны ашылды. Саябақта да шыршаның түрлі-түсті шамдары жарқырап, қала тұрғындарына қуаныш сыйлады.
Қарағандыда бастау алған Жаңа жылдық мерекелер қала тұрғындары мен қонақтарына жылы эмоциялар мен ерекше әсер қалдырды. Бұл шара – жаңа жетістіктер мен жақсылықтарға толы жылды қарсы алудың тамаша мүмкіндігі болды.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»