Бас мүфтидің сауапты сапары

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қарағанды қаласына арнайы сапармен келді. Алла үйінде шарапатты шара өтіп, «Ел үлесі – пәтерге» акциясының аясында әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыға баспана кілті табысталды.

Облыстағы Әнет баба орталық мешіті мен «Зекет» қорының облыс бойынша өкілі бірлесіп іске қосқан «Ел үлесі – пәтерге» атты қайырымдылық жобасы аясында Қарағанды қаласының тұрғыны, бес баланың әкесі, мешітте сауапты қызмет атқарған Құрманғазы есімді жерлесіміз үйлі болды. Ауыл-аймақтардағы мұқтаж отбасыларға баспана алып беруді көздеген шараға қарағандылықтар да белсене атсалысуда. Жергілікті мешіттерде қайырымдылық жәшіктері қойылып, орталық базарларда жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Сауапты істің салиқалы нәтижесі ретінде мұқтаж отбасы баспаналы болды.

Айта кету керек, «Ел үлесі – пәтерге» атты қайырымдылық шарасы ел бойынша бүгінде 660 жанұяны пәтер алу бақытына бөледі. Жақсылық жария болған бұл күні Әнет баба мешітінде қайырымдылық ретінде 500 адамға азық-түлік себеті таратылса, сегіз жамағатқа 100 мың теңгеден қаржы үлестірілді. Бас мүфти сауапты сапарының аясында «Munara TV» мүфтият телеарнасының біздің өңірдегі филиалының ашылу рәсіміне қатысты.

– Өздеріңізге белгілі, мүфтияттың төл телеарнасы «Munara TV» арнасы бүгінде халыққа рухани телеөнімдер ұсынып, ғибратты бағдарламалар көрсетуде. Төл телеарнамыздың жұмыс ауқымын ұлғайту мақсатында Қарағанды қаласынан филиалын ашып отырмыз. Бұл бөлімшеде әзірленген тележобалар халқымыздың рухани өміріне оң ықпал етеді деген сенімдемін, – деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»