Бар жақсылық – балаларға

Биыл Майқұдық, Пришахтинск және Сұрыптау шағынаудандарында 36 балалар ойын алаңы орнатылып, жасанды көгалы бар 6 футбол алаңы салынды, 12 аула аумағы абаттандырылды. Күн өткен сайын көркейтіліп жатқан Әлихан Бөкейхан ауданында жаңартылған жолдардан кейін саябақ әрлену үстінде.

Майқұдықтағы жаңартылып жатқан саябақта ротондалы субұрқақ, спорт және ойын алаңдары, велосипед және жүгіру жолдары, жайлы серуендеу аймағы жасақталған. Сондай-ақ велосипедпен орындалатын экстремалды трюктер үшін BMX-алаңы жасалып жатыр. Мұның бәрі – халқы тығыз орналасқан Майқұдық үшін аса маңызды жұмыс. Сондықтан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек шаhар төңірегіндегі жұмыс сапары барысында Майқұдық саябағындағы жұмыс барысын өзі саралауды жөн көрген. «Atlant Building» ЖШС мердігерлік компаниясының өкілі Владимир Нефёдовтың айтуынша, қазан айының соңында жабдықтар орнатыла бастайды және қараша айының ортасына дейін жұмыстар аяқталады деп жоспарланып отыр. Саябақтың сипаты талапқа толық сай болып түрленеді.

Барлығы 14 гектар аймақ абаттандырылды. Белсенді демалыс әуесқойлары үшін ұзындығы 2,5 шақырым веложол, 1,2 шақырым жүгіру жолы, воркаут аймағы, футбол және баскетбол алаңдары қарастырылған. Тұрғындар тыныш аймақта серуендеп, табиғаттан ләззат ала алады. Сонымен қатар ит серуендетуге арналған алаң бар. Саябақ барынша жарықтандырылды. Мұнда тұрғындар кешкі серуенге, бос уақытта тынығуға келе алады. Ал жазда субұрқақ қосылатын болады. Жалпы, саябақтың жаңа келбеті жұртқа жағымды болады деп күтілуде.

Жеңіс Қасымбек Әлихан Бөкейхан ауданындағы абаттандырылған футбол алаңдары мен балалар алаңдарын да аралап көрді. Сондай-ақ қоғамдық тәртіп қызметіне де мән берілді. Аймақ басшысы №27 учаскелік полиция пунктінің жұмысымен танысты. Бұдан бөлек Майқұдықтың Шығыс-5 мөлтекауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жайын бағалады.

Сонымен қатар облыс әкімі үшінші жылу өткізгіштің құрылысы қалай жүріп жатқанын тексерді. Бұл жоба облыс орталығындағы жылу қуаты мәселесін шешуге септік етеді деп күтілуде, Оңтүстік-Шығыстағы жаңа ғимараттарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биылғы жылы ЖЭО-3 құбырын салу жалғасты. Мердігерлер сорғы станцияларын толығымен салуға уәде беріп отыр. Жоба бойынша, олардың саны төртеу. Жалпы, қала төңірегіндегі жұмыс сапары барысында өзі тоқтаған нысандар жұмысына аймақ басшысы қанағаттанарлық баға берді.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»