Балкондағы ғажайып бақ
Қарағандыдағы көпқабатты үйдің бір балконы шағын ғана жасыл мекенге айналған. Қаланың қақ ортасында орналасқан бұл жерде қияр, райхан, жалбыз, түрлі гүл мен сәндік өсімдіктер өсіп тұр. Бірнеше шаршы метр аумақта пайда болған бақ – табиғатқа деген сүйіспеншілік пен ұқыпты еңбектің нәтижесі.
Нұркен Әбдіров даңғылындағы үйдің жоғарғы қабатындағы балкон сырт көзге қарапайым көрінгенімен, ішкі әлемі ерекше. Мұнда қаланың сұр көрінісінен бөлек, жасыл желекке толы шағын табиғи бұрыш қалыптасқан. Гүлдердің алуан түрі, хош иісті шөптер мен күтіммен өсірілген көкөністер балконға ерекше сән береді.
Бұл бақтың ең қызықты бөлігі – биік қабатта өсіп тұрған қияр. Бастапқыда тәжірибе ретінде егілген көшеттердің арасынан біреуі ғана жақсы бейімделіп, мол өнім берген.
– Биікте өсетін қияр дейміз бе, әйтеуір Қарағандыда бұдан биікте өсіретіндер жоқ шығар деп ойлаймын. Қала ортасында, осындай биіктікте көкөніс өсірудің өзі қызық тәжірибе, – дейді қала тұрғыны Владимир Вишняков.
Балкондағы бақ бір күнде пайда болған жоқ. Оның әрбір бұрышы ұзақ жылғы тәжірибе мен күтімнің нәтижесі. Мұнда гүлдер ғана емес, күнделікті тұрмыста пайдаланылатын көкөністер де өсіріледі. Терезе алдындағы шағын орынға райхан, сельдерей, жалбыз секілді хош иісті шөптер егілген.
Бақ иесінің айтуынша, өсімдік өсіруге деген қызығушылық бала кезден қалыптасқан. Бұған дейін саяжайда түрлі ағаш пен гүлдер өсірген. Кейін сол әуестігін қала жағдайында жалғастыруға шешім қабылдаған.
– Саяжайда көгал да, тас бақша да болды. Туя, арша, жапон спиреясы, сирень өсірдік. Қылқанжапырақты өсімдіктерді жақсы көретінмін. Кейін саяжайды сатуға тура келді. Ал мұнда, шағын болса да, өзіме ұнайтын жасыл бұрыш жасадым, – дейді ол.
Балкондағы бақта петуния, барқытгүл, гортензия, шырмауық секілді сәндік өсімдіктер де бар. Әрбір гүл мен көшет өз орнын тапқан. Мұнда өсімдіктерді орналастыру кезінде тек әдемілік емес, олардың жарыққа, суға және ауаға қажеттілігі де ескерілген.
Қала жағдайында осындай шағын бақ өсіру оңай емес. Биік қабаттағы өсімдіктерге үнемі күтім қажет. Уақытылы суару, топырағын жаңарту, қолайлы жағдай жасау – мол өнімнің басты кепілі.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары қала тұрғындары арасында балконда көкөніс пен гүл өсіруге қызығушылық артып келеді. Бұл тек өнім алу тәсілі емес, сонымен қатар адамның табиғатпен байланысын сақтауға мүмкіндік беретін пайдалы әдет.
Қарағандылық бұл шағын бақ – үлкен аумақсыз да табиғаттың бір бөлігін өз үйіңде қалыптастыруға болатынын көрсетеді. Кейде жасыл әлем үшін кең алқап емес, оған деген ықылас пен күнделікті еңбек жеткілікті.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

