Балгерге 12 миллион теңге ұстатқан

Өзін «балгермін» деп таныстырған алаяққа алданған Қарағанды қаласының тұрғыны қомақты қаражатынан қағылды. Киров полиция бөліміне 41 жастағы тұрғыннан өтініш түскен. Азамат әлеуметтік желілердегі «болашағын тегін жорып беремін» деген жарнамаға көзі түскенін айтқан. Жәбірленуші оны бір әйел салғанына сенімді болыпты.

– Хат алмасу барысында белгісіз азамат жәбірленушінің сеніміне кіріп, түрлі нәрсе айтып оны адастырған. Осылайша өтініш беруші онлайнаударымдар арқылы шам мен салтқа керек-жарақтарды сатып алуға 12 миллион 266 мың теңге аударған. Бірақ тапсырыс жасалмаған. Алданып қалғанын түсінген әйел полицияға жүгінді, – деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің өкілі.

10 желтоқсанда жедел іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері алаяқты ұстады. «Балгер» 23 жастағы жігіт болып шыққан. Заттай дәлелдемелер алынған соң, ол кінәсін толық мойындады.

Бұл дерекке қатысты ҚР ҚК-ның 190-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір полиция қызметкерлері ұсталған адамның осыған ұқсас қылмыстарға қатысы баржоғын анықтауда. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алаяқ балгер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН