«Балауса» — жас өреннің нық қадамы

Әлемді алаңдатқан не? Әрине, бұл сұрақтың жауабын табу үшін түрлі мәселені атап көрсетуге болады. Әйтсе де, ең басты орында – экология тұр. Иә, жер ғаламшары адамзат пайда болған сәттен бастап-ақ, оған барлық игілікті берді. Алайда, адам оның қадірін түсіне алды ма? Табиғи ресурстарды ретсіз пайдалану мен қоршаған ортаны ластаудың соңы әлемде ірі экологиялық апаттардың орын алуына алып келді. Мұны тоқтату керек. Ол үшін экологиялық сауаттылық ұғымы адамға бала шақтан, мектеп жасынан түсіндірілгені жөн.

Айта кету керек, балаларға экологиялық білім беру мәселесіне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, мектептердегі сағат санын ұлғайтуды тапсырған болатын. Президент тапсырмасы дер кезінде қабылданған, орайлы шешім. Әйтсе де, оны жүзеге асыруда науқаншылдыққа салынып, тым асығыс шешімдер қабылдауға тағы болмайды. Мұны Оқу ағарту министрі Асхат Аймағамбетов те ашып айтып, мектептерде экологиялық білім беру жайы біртіндеп жүйеге қойылады деген болатын.

«Сабақтан тыс уақытта экологиялық білім беру деген өте маңызды. Бұл пәнді мектеп бағдарламасына тек бір пән ретінде енгізіп қойсақ, тиімділігі жоғары болмайды. Бала құлағымен естіп қана қоймай, осы жұмысқа өзі тікелей қатысса ғана алған білімі маңызды болады. Сондықтан, оқушының түрлі секцияларға, клубтарға, туристік серуендерге қатысқаны дұрыс. «Дарын» орталығы базасында экологиялық бағыт бойынша ғылыми жобалар конкурсы өткізіледі. Эко-квестер, шеберлік сағаттары, театр қойылымдарын дайындау, қайта өңделетін шикізатты пайдалана отырып, экоматериалдан бұйымдар дайындау және т.б. жұмыстар ұйымдастырылады», — деді минстр бұл мәселеге қатысты БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Хош делік, Бас мұғалімнің айтқан сөзінің жаны бар. Экологиялық сауаттылық формуланы жаттап алып, сартылдатып есеп шығаратын математика емес. Бұл жерде істелген жұмыстың жемісті болмағы оқушының қызығушылығына тікелей байланысты. Осы орайда, Қарағанды облыстық Білім басқармасына қарасты «Озат» ақпараттық-технологиялық» мамандандырылған мектеп-лицейінде «Балауса» экологиялық клубы құрылып, алғашқы мүшелері қабылданған екен. Жоба инециаторы – осы мектептің биология пән мұғалімі Арай Ержан.

Қоршаған ортаны ластаушы дүние көп. Қарағанды өндірісті өлке ғой. Алып кәсіпорындар жыл сайын экономикамызға миллиондап, бәлкім миллиардтап кіріс әкелетін болар. Бірақ, экологияға да орны толмас зардап келтіруде. Одан бөлек, пластик қалдықтар мен жасыл желектердің аздығы да жағдайдың ушыға түсуіне себепкер болып отырғаны жасырын емес. «Ұлыс іс – ұсақтан ұлғаяды» дейді халық даналығы. Алпауыт корпорациялармен алысуға қауқарымыз келмейді деп қарап отыруға болмайды. Ең әуелі экологиялық сауаттылықты өзімізден, айналамыздан бастасақ жағдайды оң бағытқа қарай өзгертуге күшіміз жетер еді, — дейді Арай Ержанқызы.

Ұстаздың айтуынша, клуб атауына «Балауса» сөзі бекер таңдап алынбаған. Оның символикалық мәні бар екен.

Балауса – жаңа ғана бүр жарған, тамырын тереңге жіберуге, сабағын жайқалта жайып, айналасына пана болмаққа ұмтылған жас өскін. Біздің клубтың мүшелері де білім игеріп, келешекте елімізге тұтқа болуға ұмтылған жас дарындар. Ал, басқа қырынан қарайтын болсақ, егер көшеде қоқыс үйіншегін көріп, оны тазалап тастасаңыз не болар еді? Аз уақытта бұрын қоқыр-соқырдың ордасы болған орынға балауса-балғын шөп шығып, жайқалып кетеді емес пе?! Біздің мақсатымыз экологияға мүмкіндігінше өз үлесімізді қосу, — дейді клуб жетекшісі.

Экоклубтың алға қойған мақсаты айқын. Ең алдымен мектепке пластик және қағаз қалдықтарды сұрыптап жинауға арналған контейнерлер орнатылған екен. Бұл балаларға қайта өңдеуге болатын қоқысты сұрыптау қажеттігін қазірден бастап үйретуге сеп болмақ. Әрі жиналған қалдықтарды арнайы орындарға өткізу арқылы, одан түскен аз-маз қаражатты клубты жұмысын ілгерілетуге жұмсамақ. Сонымен қатар, түрлі дақырып аясында дөңгелек үстелдер, шеберлік сағаттарын ұйымдастырып, төменгі сынып оқушылары мен балабақша тәрбиешілерімен кездесу, оларға экологиялық сауаттылықтың қарапайым қағидалары туралы айту жоспарланған.

Еркебұлан САНАҚҰЛЫ,

«QH»