BALAQAY.TV жобасы іске қосылды

2022 жыл «Балалар жылы» деп жарияланды. Осыған орай Қарағанды қаласындағы Достық үйінің медиаорталығы әлеуметтік желілерде BALAQAY.TV жобасын іске қосты.

Мақсат — өскелең ұрпаққа бірлік пен достықты дәріптеу, балаларды түрлі этностардың мәдениетімен таныстыру. Жобаға аналар кеңесінің, «Ассамблея жастары» ұйымының және Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері ат салысуда.

— Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев балаларға ерекше назар аудару керектігін атап өтті. Бақытты балалық шақ — Қазақстанның жарқын болашағының кепілі. Сондықтан балалар жылы аясында аталмыш жобаны қолға алдық. Достық үйінде құрылған медиаорталық жобаны толық іске асыруға мүмкіндік беруде. BALAQAY.TV Facebook желісінде «Қарағанды Облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы», @kha_ karagandy instagram парақшасында, «Qaraǵandy oblysy Qazaqstan halqy Asambleıasy» YouTube арнасында жарыққа шығып отырады, — дейді «Қоғамдық келісімнің» ресми өкілі Индира Тоқмурзина.

Balaqay.TV-дің қатысушылары қысқа танымдық сюжеттер түсіріп, Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ YouTube платформасында жариялайды. Үш бағыттан тұратын жоба аптасына бір рет шығып тұрады. Мысалы, «Ертегілер елінде» айдарында біздің өңірде тұратын этностардың ауыз әдебиетімен таныстырамыз. Бұл бағыттағы алғашқы сюжетте Қарағанды облысы ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі Меруеш Башай «Екі дос» атты қазақ халық ертегісін оқыған. Әңгімені қазақ тілін білмейтін көрермен де түсіне алады. Өйткені, ертегі мультфильмге ұқсайтын анимациялық суреттермен бірге көрсетілген. Келесі шығарылымдар орыс, неміс, корей және басқа да халық ертегілеріне арналады. Мұның бәрі облыстың этномәдени орталықтарының өкілдерінің бастамасымен іске асады. Ал, «Сәттілік саған, Жас дарын!» айдарының әр шығарылымында жүргізуші бір этномәдени орталыққа барып, шешен- ингуш, грек немесе еврей сынды әртүрлі халықтардың салт-дәстүрлері туралы әңгімелейді. Сюжетте ән айтылып, би билейтін шығармашылық бөлім де болады. Өйткені, әр этномәдени бірлестіктен өнерпаздар тобы табылады. «Ол кім? Бұл не?» айдарында балалар қоршаған орта туралы тың ақпараттармен танысады.

— Екінші бағыт — «Сәттілік саған, Жас дарын!». Бұл айдарға спортта немесе шығармашылықта жетістікке жеткен балалар шақырылады. Олар өздері туралы айтып, жетістіктерімен бөліседі. Үшінші бағыт бойынша жалпы даму, білім беру көзделеді. Балаларға күрделі заттар туралы түсінікті тілде ақпарат беріледі. Әзірге жоба мемлекеттік тілде жүргізілуде. Алдағы уақытта орыс тілді аудиторияны да қамтитын боламыз. Сондай-ақ, оқу орындарымен жұмыс істеу де жоспарда бар, — дейді Қарағанды облысы ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Эльмира Орынбаева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба келесі жылы да жалғасын табады. Қызығушылық танытып, қоңырау шалып жатқан ата-аналар аз емес. Сонымен қатар, жоба авторлары қарағандылықтарды идеяларымен, отбасылық әңгімелерімен бөліс қызықты оқтғалармен бөлісіп, жобаға белсенді түрде ат салысуға шақырадыуге.