Balaqay.tv арнасы ашылды

Қарағанды Достық үйінің медиаорталығы әлеуметтік желілерде BALAQAY.TV жобасын іске қосты. Жоба Facebook желісінде «Қарағанды Облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы » , Instagram @kha_ karagandy instagram парақшасында не Qaragandy oblysy Qazaqstan halqy Asambleiasy YouTube арнасында жарыққа шығып отырады.

Balaqay.tv өскелең ұрпақ арасында бірлік пен достықты дәріптеу, бүлдіршіндерді түрлі этностардың мәдениетімен таныстыру мақсатында құрылған.

— Бұл жоба балалар жылы аясында жүзеге асырылуда. Достық үйінде құрылған медиаорталықтың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жұмыс жүргіземіз. Жобаға аналар кеңесінің, «Ассамблея жастары» ұйымының және Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысады. Алдағы уақытта оқу орындарымен жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз, — дейді ұйымдастырушылар.

Үш бағыттан тұратын жоба аптасына бір рет шығып тұрады. Мысалы, «Ертегілер елінде» айдарында біздің өңірде тұратын этностардың ауыз әдебиетімен таныстырамыз. «Сәттілік тіледім, Жас дарын!» айдарында әр ұлттың ұлттық киімдері, тағамдары, шығармашылық мүмкіндіктері туралы әңгімеленеді. «Бұл кім? Мынау не?» бөлімінде балалар қоршаған орта туралы тың ақпараттармен танысады.

Ұйымдастырушылар қарағандылықтарды жобаға белсенді қатысуға және идеяларымен, отбасылық әңгімелерімен, қызықты ертегілерімен бөлісуге шақырады.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.