Балалық шақтың бағбаны
Бала тәрбиесінің түп-қазығы, бағыт-бағдар беретін екінші анасы – тәрбиеші. Балаларға қамқор болып қана қоймай, олардың қауіпсіз, жайлы мекемеде білім алуын қамтамасыз етіп келе жатқан жандардың бірі – Сүлейменова Ләззат Қуанышқызы. Жарты ғасыр бұрын салынған «Алтын бесік» бөбекжайын заман талаптарына сай етіп «қайта құрған» мекеме басшысының атқарған қызметі – көпке үлгі.
– 2019 жылдың қыркүйек айында осы бөбекжайға басшылық қызметке келдім. Жасыратыны жоқ, ғимарат өте ескі. 1955 жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Балаға да, ата-анаға да жайлы жағдай жасағым келді. Қалалық білім бөліміне шұғыл түрде жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін айттым. Ол кездегі бөлім басшысы Гүлсім Қожахметоваға алғысым шексіз. Ұсынысымды қабылдап, «Жол картасы» бағдарламасы бойынша бюджеттен қаржылай көмек алдық. Қаражат іздеп жүргенде пандемия да басталып кетті. Жөндеу жүргізетін компания қызметкерлері ауырып қалғандықтан, жұмысшыларды өзіміз іздедік. Қазір жертөленің өзі жып-жылы, – дейді Ләззат Қуанышқызы.
Үш бірдей баласын «Алтын бесікте» тербететін аналардың қатарында Әлихан Бөкейхан ауданының тұрғыны Сандуғаш та бар.
– Ләззат Қуанышқызы басшылыққа тағайындалғаннан кейін айтарлықтай өзгеріс болды. Бөбекжайда қазіргі заман талаптарына сай жөндеу жұмыстары жасалды, балалардың ойын алаңдары жаңартылып, көрермендерге арналған орындықтары бар жазғы сахна қойылды, спорт алаңы жасалып, асфальт төселді. Бөбекжайда логопед, дефектолог жұмыс істей бастады. «Алтын бесік» біздің, атааналардың, талап-тілектеріне сай. Білікті тәрбиешілер мен білімді оқытушылар – өз істерінің нағыз мамандары. Ең бастысы – үнемі ізденісте. Олар өз білімдері мен біліктіліктерін әлі де шыңдауда. Балабақша басшылығы мен ата-аналар арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Әрбір ата-ананың тілегі ескерусіз қалмайды. Күн сайын балабақшада үйренгенін, түйгенін өзіңмен асыға бөлісетін балаларымыз да, балабақша ғимаратындағы ұқыптылық пен тазалық та көңіл қуантады. Сондай-ақ әр мереке жоғары деңгейдегі іс-шаралармен тойланады, – деп ризашылығын білдірді.
Мекеме басшысы тәрбиеленушілердің жайлы орында ойнап-күлуін ғана емес, өз деңгейінде білім алуларын да қамтамасыз еткен. Тәрбиешілерді бағалау үшін тәрбие сабақтарына қатысып, тілінің мүкісі бар балаларды байқап, білім бөлімінен логопед-маманға жалақы бөлуін сұраған. Жүз орындық бөбекжай бүгінде толыққанды инклюзивті білім береді. Мұнда ерекше білім беруді қажет ететін бүлдіршіндер тәрбиеленеді.
Ләззат Сүлейменова қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін жолды таңдағанына еш өкінбейді. Айтуынша, білікті тәрбиеші жұмысын, балаларды жақсы көріп қана қоймай, өзі де жан дүниесіндегі балалығын жоғалтпауы тиіс.
– Әр адам өмірге белгілі бір миссияны атқару үшін келеді. Менің өмірдегі басты мақсатым – бала тәрбиелеу. Әкем бұл мамандықты таңдауыма қарсы болды. Алайда өз дегенімнен қайтпай, мектеп бітіре сала Саран қаласындағы педагогикалық училищеге түстім. «Мектепке дейінгі тәрбие» мамандығын оқып шыққаннан кейін Сарандағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші болып еңбек жолымды бастадым. 2000 жылдардың басында балабақшалар жабыла бастаған соң, Көкшетау мемлекеттік университетінде «Стандарттау және сертификаттау инженерісарапшысы» мамандығын оқып шықтым. Бірақ бәрібір менің салам емес екендігін түсіндім. Сонымен, «Bolashaq» академиясында жаным сүйетін іс бойынша білімімді шыңдадым. Отыз жылдық тәжірибемнен түйгенім – тәрбиеші ішіндегі балалығын жоғалтып алмауы керек. Өзі балаша қуанып, балаша ойлап, баланың жан дүниесін түсіне алса, бала да оны сезініп, ерекше байланыс орнайды.
Бала тәрбиесі, оның ішінде балабақшадағы сәбилерді тәрбиелеу – үлкен мәртебе. Көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам» дейтін ел болмаса, «елім» дейтін бала қайдан болсын», – деген екен. Балабақша тәрбиешілері қай кезеңде болсын ертеңгі елім деп еңірейтін ұрпақты тәрбиелеуге тер төгуде.
Ақторғын ДАРХАНҚЫЗЫ,
«QH»