Балалар турнирі

Қарағандыда «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлім қызметшілерінің балаларына арналған шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтан турнир өтті. Жарыс тәрбие құрылымдарының офицерлері күніне арналған «Шахмат – ақыл-ой спорт түрі» тақырыбында 85510 әскери бөлімінде өткізілді. Оған 20-дан астам оқушы қатысты.

Шараның негізгі мақсаты – әскери қызметкерлердің балалары шахмат, шашки және тоғызқұмалақ секілді ойындарға қызығушылығын арттыру, логикалық ойлау қабілеттерін, ойнау логикасы зейінділікті дамытуға, әр алуан варианттарды жылдам әрі дәл есептей білуге, жеңіске жетуге деген ерік-жігерді қалыптастыруға және басқа да моральдық қасиеттерді тәрбиелеу. Ойын тек ата-аналар үшін ғана емес, жас таланттар үшін де тартысты сайыс болды. Турнир қорытындысы бойынша Адия Ерлан шахматтан жүлделі бірінші орынға қол жеткізді. Дойбыдан бірінші орынға Әли Мұратбек тұрақтаса, Адинұр Тимурұлы тоғызқұмалақ ойынынан бірінші орынға лайықты деп танылды.

– Шахмат пен дойбы, тоғызқұмалақ ақылға қуат береді, ерік-жігер мен беріктікке тәрбиелейді, есте сақтауды, ойлауды, зейінді дамытады. Бұл сонымен қатар жаңа достар табудың тамаша тәсілі, – деп атап өтті, 99270 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбастары Ерқанат Шағдабай.

Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері грамоталармен марапатталды, оларға шахмат, дойбы табысталды.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»