Балалар шығармашылық көрмесі
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде «НаТВОРИм» зияткерлік және шығармашылық даму орталығы ұйымдастырған «Қыс, ол тек ақ болып көрінеді» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті. Бұл ерекше шара қала тұрғындары мен қонақтарын балалардың шығармашылық әлеміне еліктіріп, олардың қиялы мен шабытына тәнті етті.
Көрме экспозициясында 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалардың 400-ден астам шығармашылық жұмыстары ұсынылған. Жұмыстардың ішінде кескіндеме, мүсіндеу және қолданбалы өнер туындылары бар. Әрбір жәдігерден қатысушылардың қажырлы еңбегі мен шығармашылық қиялын аңғаруға болады. Осы жұмыстардың барлығы кішкентай талант иелерінің әлемді өз көзқарасымен қалай көруін көрсетеді. Бейнелеу өнері музейінің директоры Бибігүл Құдабаева көрменің мақсаты мен орталықтың қызметі туралы тоқталып өтті.
– 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «НаТВОРИм» орталығы балалар мен ересектердің шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударады. Орталық бейнелеу өнері, музыка, шахмат, тілдер сияқты әртүрлі курсты ұсынады. Тәрбиеленушілер көптеген конкурста жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Бүгінгі көрме – орталықтың жемісі мен балалардың еңбегінің нәтижесін көрсететін жарқын мысал. Қатысушылардың әрбір жұмысы олардың шығармашылық дамуына жасалған қадам екенін көруге мүмкіндік береді, –дейді Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры Бибігүл Құдабаева.
Көрме ұйымдастырушылары ата-аналар мен қонақтарға балалардың таланты мен жетістіктерін бағалау үшін тамаша мүмкіндік бергенін атап өтті. Бұл көрме тек шығармашылық мереке ғана емес, сонымен қатар болашағы зор жас таланттардың қадамдарын көруге арналған ерекше алаң.
– Бұл шара тек балалардың еңбегін көрсету ғана емес, сонымен қатар оларды шабыттандыруға, жаңа биіктерге ұмтылуға ынталандыруға арналған. Бізге әрбір баланың жеке дамуы мен қабілетін ашуға мүмкіндік беру маңызды. Қарағандының тұрғындары мен қонақтары осы көрме арқылы жас таланттардың алғашқы қадамдарын көріп, олардың болашағына сенім артады деп ойлаймын, – деп қорытындылады музей директоры.
Көрме 2 ақпанға дейін жалғасады. Барлық өнер сүйер қауымға және жас дарындарды қолдаушыларға бұл шараны жіберіп алмауға кеңес береміз. Әрбір келуші балалардың шығармашылық әлеміне сапар шегіп, олардың қиял-ғажайып әлемімен таныса алады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»