БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ
Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында тіл жанашыры, қаламгер Жұпар Жақанның «Чипси мен шибауырсақ» жинағының тұсаукесері өтті.
Балалар тақырыбына қалам тербеп жүрген тіл жанашыры Жұпар Рысқұлқызының кітабына енген мысал әңгімелері балаларды еңбекқорлыққа баулиды. Өскелең өрендерді тазалық пен ұқыптылыққа, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға, жаман әдеттен сақ болуға тәрбиелейді.
– Бір адамды құрметтеу қажет болса, оқырмандарымды құрмет тұтар едім. Себебі «әңгімелеріңіздің басын қосып, жинақтап кітап шығарыңыз» деп ұсыныс тастаған да – оқырмандар. Соңғы жылдары балаларға арналған мысал әңгімелер жазуды қолға алдым. Ара-тұра ертегілер де бой көрсетіп қалады. «Әлеуметтік желіге жазған туындыларымды көрермен қалай қабыл алады? Мені қаламгер ретінде көре ала ма?» деп пікірлерін білу үшін жариялаған едім, – дейді автор.
Кітапхана жылдар бойы балаларға, облыс жұртшылығына әдебиеттегі жаңа есімдермен танысуға, жаңа әдебиеттерді насихаттауға, сондай-ақ қаламгерлерге қолдау көрсетуге ықпал етіп келеді.
Осы мақсатта олар балалар тақырыбына қалам тербеп жүрген қаламгер Жұпар Жақанның тырнақалды туындысы «Чипси мен шибауырсақ» жинағының тұсаукесерін жасап, автормен арнайы кездесу өткізді. Кітаптың тұсаукесеріне білім беру ісінің құрметті қызметкері, ұстаз Ғазиза Смағұлова және кітапхана директоры Баян Қуанышқызы да қатысты.
– Тағылымы мен тәлімі мол, тәрбиелік нәрі бар кітабыңыздың жарыққа шығуы құтты болсын! Кішкентай оқырмандарымызға осындай қызықты, сапалы туындылар аса қажет, – деп түйіндеді ордалы ойын Ғазиза Сайлауқызы.
Балалар автордың «Шыбындар» әңгімесін жан-жақты тұрғыдан талдап, сананың сүзгісіне салды. Сұрақ-тапсырмалар орындады. «Сұраққа жауап бер де, кітап ұтып ал» ойынына қатысқан ең белсенді үш оқушыға «Чипси мен шибауырсақ» кітабы сыйлыққа тапсырылды.
Рухани шараны Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы және Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Ресурстық тіл орталығы ұйымдастырды.
Тіл жанашыры Жұпар Рысқұлқызы 1968 жылы 18 маусымда Қарағанды облысына қарасты Шет ауданының Үңірек ауылында туған.
1990 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік дипломмен бітірген. Педагогика ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушылығынан бастаған. Орта мектепте біраз жыл мұғалімдік қызметте болып, қазір тіл саласында қызмет атқарады.
2018 жылдан бастап Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі.
Жұпар Жақан әдебиетші-ғалым ретінде түрлі басылымда ғылыми мақала жариялап отырады. Сондай-ақ «Фейсбук» әлеуметтік желісінде, БАҚ беттерінде тіл саясатын жүзеге асыру бағытындағы өткір мәселелерді көтеріп, ұлт руханиятына қатысты жиі үн қосып отырады.
Соңғы жылдары ол әдеби шығармашылықпен айналысып, мысал әңгіме, ертегілерімен балалар әдебиетін дамытуға өзіндік үлес қосып жүр.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»