Балалар қауіпсіздігі үшін «кенеттен тексеру» тәртібі енгізілді
Жазғы демалыс маусымы жақындаған тұста елімізде балалардың демалыс орындарын бақылау күшейтілмек. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша 200-ге жуық қала сыртындағы сауықтыру лагері мен 10 мыңға жуық мектеп жанындағы лагерь жазғы маусымға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі бақылау тәртібіне өзгеріс енгізілетінін мәлімдеді.
Енді лагерьлер мен балалар демалатын нысандарға тексеруші комиссиялар алдын ала ескертусіз барады. Бұған дейін жоспарлы тексерулер туралы бір ай бұрын, ал жоспардан тыс тексерулер жайлы бір күн бұрын хабар берілетін болса, жаңа тәртіп бойынша «кенеттен тексеру» принципі қолданылады.
– Бұрын нысандар СЭС мамандары келетінін алдын ала біліп, дайындық жасап қоятын. Ал енді ескерту болмайды. Бұл бізге нақты жағдайды объективті бағалауға мүмкіндік береді. Яғни, заңбұзушылықтарды жасырмай, шынайы көріністі көреміз және соған сәйкес тиісті ұсыныстар береміз, – дейді Аяулым Тасқынғали.
Министрлік мәліметінше, тексеруге жататын нысандардың тізімі 10 мамырға дейін жасақталып, бақылау жұмыстары 1 шілдеден басталады.
Қоғамда бұл бастамаға қатысты түрлі пікір бар. Ата-аналардың басым бөлігі мұндай қатаң бақылауды балалардың қауіпсіздігі үшін қажет деп санайды. Олар лагерьлердегі санитарлық жағдайдың ашық тексерілуі кез келген олқылықтың алдын алатынын айтады.
Сонымен қатар лагерь басшылары да жаңа талаптарға түсіністікпен қарайтынын жеткізуде. Бірақ көпшілігі пікір білдіруге сақтық танытып отыр.
– Мен СЭС тарапынан болатын тексерулерге сабырмен қараймын, өйткені әңгіме балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі туралы болып отыр. Ең бастысы – барлық тексерулер заң аясында, белгіленген тәртіпке сай жүргізілуі керек. Біз ашықпыз және тексеруге әрдайым дайынбыз, – дейді Гүлмира Әмірова.
Дегенмен, бұл бастаманың салдарына алаңдаушылық білдіріп отырғандар да бар. Қоғам белсенділері жаңа тәртіп кейбір лагерьлердің жұмысына қиындық тудыруы мүмкін екенін айтады.
– Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін лагерьлердің барлығы алдын ала тексерістен өтіп, рұқсат алады. Егер кейіннен кемшілік анықталса, онда бұл рұқсат берген органдардың да жауапкершілігі қаралуы керек. Сонымен қатар, ескі лагерьлердің инфрақұрылымы қазіргі талаптарға сай келе бермейді, – дейді Рустам Танишпеков.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, тексеру барысында заңбұзушылықтар анықталған жағдайда лагерьлерге оларды түзетуге уақыт беріледі. Ал талаптар орындалмаған жағдайда айыппұл салу немесе қызметін уақытша тоқтату сияқты шаралар қолданылмақ.
Өткен жазда ел бойынша 189 қала сыртындағы лагерь, 10 мыңға жуық мектеп жанындағы лагерь және 500-ге тарта киіз үй лагері жұмыс істеген. Биыл да осы көрсеткішке жақын деңгей күтілуде. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы 50 мыңға жуық бала тегін жолдамамен қамтылмақ.
Жаңа «кенеттен тексеру» жүйесі балалардың жазғы демалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанымен, сала мамандары оның тиімділігі тек тәжірибе барысында айқындалатынын айтады.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

