БАЛАЛАРҒА ІШІМДІК САТҚАН КӘСІПКЕРЛЕР ШАҒЫМДАНДЫ

21 жасқа толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін заңсыз сату бойынша 220 жағдай тіркелген. Дегенмен, Қарағанды облысының кәсіпкерлері полиция қызметкерлері мен мобильдік топ мүшелері қызметін асыра пайдаланады деп есептейді.

Бұл мәселе Серік Төрегелдиннің төрағалығымен өткен Қарағанды облысы Кәсіпкерлер Палатасы кеңесінің Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы кезекті отырысында талқыланды.

Жиын жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Арман Оразбаевтың баяндамасымен басталды. Тәртіп сақшысы маскүнемдер мен жасөспірімдердің қылмыстық әрекетіне тоқталды. Мәлімдеуінше, жыл сайын мұндай жағдайлардың саны азайып келеді.

— Жасөспірімдер мен маскүнемдіктің салдарынан болатын тәртіпбұзушылық жағдайлардың алдын алу басты назарда. Полиция департаменті жасөспірімдер алкоголь тұтынып жасайтын қылмыстардың алдын алатын шаралар кешенін дайындаған. 21 жасқа толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін заңсыз сату бойынша 220 жағдай тіркелген. Мобильді топтардың жұмысы оң нәтиже беруде, — дейді Арман Оразбаев.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер Палатасы кеңесінің мүшелері полиция қызметкерлерінің өз қызметтерін асыра пайдаланып, дүкендерге бөгде тұлғаларды жіберетіндерін айтты.

— Жыл басынан бері Қарағанды облысы полиция департаментінің 11 полицейі жазаланды. Полиция қызметкерлері кәсіпкерлердің заң талаптарын бұзу шараларын анықтауды жүргізуде, — дейді Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбай лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Серік Төрегелдин.

Спирттік ішімдіктер кейде қолданыстағы заңнаманы бұза отырып сатылады. Мұндай сату нүктелерін жою қылмыс санын төмендетуге көмектеседі. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің міндеттерін орындауда қызметкерлер тарапынан құқықбұзушылыққа жол бермеу үшін бірқатар шаралар қабылданды. Сондайақ, Қарағанды облысында волонтерлік қозғалыс туралы меморандум жасалды. Бұл полиция жұмысының ашықтығына және сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алуға ықпал етеді.

Сонымен қатар, кеңес мүшелері жер теліміндегі өзара құқықтық қарым-қатынасқа қатысты мәселелерді талқылады. Бұл туралы Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Тайхан Қалмаханов мәлімдеме жасады. Кәсіпкерлерден жер мәселесі бойынша көптеген шағымдар келіп түсуде. —

2020 жылы 261 жер учаскесі бойынша 16 жобалық жоспарлау қаралып, өзгерістер енгізілді. Мамандармен бірге анықталған мәселелер қаралды. Құрылыс нормалары бұзылған. Мәселен, 108 учаске егжейтегжейлі жоспарлау жобасына кірмей қалған. Тағы бір проблемалық аумақ – Ерубаев көшесі. Көше қаланың егжейтегжейлі жоспарлау жобасында жоқ. Біз мұндай аймақтарда дүкен немесе басқа да бизнес нысандарын салуға рұқсат бере алмаймыз. Сондықтан, кәсіпкерге қаланың басқа ауданынан жер телімі беріледі, — деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Тайхан Қалмаханов.

Басқосуда Шахтинск қаласы Кәсіпкерлер Палатасы филиалының директоры кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап 118 кәсіпкер құқықбұзушылық бойынша шағымданған. 224 кәсіпкер арнайы мамандардың кеңесіне жүгінген. Оның 82-сі заңды сипатта жүзеге асқан. Өз құқықтарын қорғау үшін Шахтинск аймағының сегіз кәсіпкері Палата филиалына жүгінген. Шешімі табылмаған екі кәсіпкердің мәселесі Қарағанды облысы Кәсіпкерлер Палатасы кеңесінің келесі отырысында қаралатын болады.

Ақторғын ДАРХАНҚЫЗЫ, QH