Балабақша мәселесі шешілмек

Қарағанды облысында биыл балабақшаларда 2 мыңға жуық жаңа орын ашылды. Жергілікті билік кезек мәселесін бизнеспен серіктесу арқылы шешіп жатыр. Бүгінде өңірде жекеменшік 92 балабақша жұмыс істейді, олардың саны жыл сайын артып келеді.

Мектепке дейінгі салада өзара тиімді ынтымақтастықтың қалай құрылып жатқаны туралы облыстың Білім басқармасында айтылды.

– Қарағанды облысында бүгінде мектепке дейінгі 411 ұйым жұмыс істейді. Оларға бір жастан алты жасқа дейінгі 40 мыңнан астам бала келеді. Өңірде мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамту 79,5%-ды құрайды. Келесі жылы 82,6%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы Әсел Таукенова. – Жаңа орындарды, негізінен, жеке инвесторлар есебінен құрамыз. Кәсіпкерлер қолайлы ғимарат тауып, балабақшалар ашып, оларды талаптарға сай жабдықтайды, ал біз мемлекеттік тапсырыс береміз.

Бір балаға мемлекеттік тапсырыс сомасы жыл сайын ұлғайып келеді. Биыл ол қала үшін 41 718 теңгені, ауыл үшін 45 869 теңгені құрайды. Есептеулерге коммуналдық қызметтер, ғимаратты күтіп ұстау және қызметкерлердің жалақысын қамтамасыз ету шығындары кіреді.

Мысалы, Абай ауданында балабақша кезегі үлкен болды. Әлбетте, бұл мәселе шешілді. Өткен жылы кәсіпкерлердің бірі Абайда бос тұрған ғимаратты сатып алып, жөндеп, сол жерде балабақша ашып, мемлекеттік тапсырыс алды. Қазір оған 350 бала келеді. Жаңа балабақшаны 550 орынға дейін кеңейту мүмкіндігі бар.

Әсел Таукенова жекеменшік балабақшаларға қойылатын талаптар қатаңдағанын атап өтті. Тамыз айында мемлекеттік тапсырыс орналастыру ережелеріне өзгерістер енгізілді. Қазір конкурс өткізу кезінде педагогтердің дипломдары қоса беріледі. Қауіпсіздік камералары мен дабыл түймелері болуы керек. Құрамына мемлекеттік қызметшілерден басқа мәслихат депутаттары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіретін комиссия талаптарға сәйкестігін сол жерге келіп тексереді.

– Әр қала мен аудан бойынша балаларды орындармен толық қамтамасыз ету үшін мектепке дейінгі қанша ұйым ашу керегі жайлы 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жоспар жасалды, – деп толықтырды Әсел Таукенова.