«Бала тілі – бал» фестивалі

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының, Қарағанды облысының білім басқармасының, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қарағанды облыстық филиалының қолдауымен қаламызда «Бала тілі – бал» фестивалі  өткізілді.

– Фестивальдің мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалардың қазақ тіліне, туған жеріне деген құрметін ояту, мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылықтарын арттыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау, өзге ұлт өкілдерінің балаларын тарта отырып, шығармашылық және зияткерлік әлеуетті дамыту. Шараға Қарағанды қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдардан 4 жастан 6 жасқа дейінгі жастағы бүлдіршіндірден, оның ішінде өзге ұлт бүлдіршіндерінен құралған 10 шығармашылық ұжым қатысты, – дейді ұйымдастырушылар.

Фестиваль 2 кезең бойынша өтті. Іріктеу кезеңінде әр шығармашылық ұжым туған өлкенің тарихына, тіліне, табиғатына, мәдениеті мен бай мұраларына деген сүйіспеншіліктерін дәріптеу мақсатында дайындаған театрландырылған қойылымдарын YouTube желісіне жүктеді. Фестивальге қатысқан 16 шығармашылық ұжымның өнерін бағалау үшін қазылар алқасы құрылды. Қазылар алқасына «Altyn ornek» жеке кәсіпкерлік ұйымының директоры, Қарағанды облысы «Jadiger» қолөнершілер қауымдастығының төрағасы, «Асыл Мұра» жобасы бойынша дизайн департаментінің төрайымы, көпбалалы ана Перизат Құлымбетова төрағалық етті.

Қазылар алқасы іріктеу кезеңінде әр шығармашылық ұжым дайындаған қойылымдардағы тақырыптың ашылуына, көркем бейнені орындау мәнерлігіне, шығармашылық ерекшелігіне (сценарийдің әзірленуі, көркемдік және музыкалық безендірілуі, декорация, костюмдер), репертуарлардың бүлдіршіндердің жас ерекшеліктеріне сәйкестігіне баға бере отырып, 10 үздік деп танылған шығармашылық ұжымды анықтады.

Фестивальдің қорытынды кешінде Қарағанды қаласының 10 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында қазақ тілін үйреніп жүрген өзге ұлт бүлдіршіндері өнерлерін көрсетті. Көрермендер сахнада өнер көрсеткен кішкентай бүлдіршіндердің тәтті, бал тілдеріне қанық болып, өнерлеріне тәнті болды.

Шара соңында қазылар алқасы қорытынды жасап, барлық қатысқан балабақша ұжымына дипломдар мен арнайы сыйлықтарды табыстады.