Бала ашуланған жағдайда қандай шаралар қолдану қажет?

Баланың ашуға берілуі — әрбір ата-ана өміріндегі маңызды мәселелердің бірі. Әдетте бала көбінесе ата-ананың дер кезінде бақылауға алмағандығынан ашуланады. Мұндай жағдайдың балаға кері әсер ететіні анық. Төмендегі жазбалар бала ашуланған кезде сабырлы болуға және бала жағдайын дұрыс жасап үйренуге септігін тигізеді.

Ашушаңдық дегеніміз не?

Ашу кезінде бала сезімдері әдетте ренішке толы болады. Ересектердің баладан айырмашылығы — өз сезімдерін басқара алады немесе іште сақтай алады, ал бала мұны жасай алмайды. Сондықтан ата-ананың баладан ашу сезімін басуды талап еткенінен гөрі өмір сүруге көмектесуге тырысқаны дұрыс. Мұның қалай жүзеге асатынын көрейік

Тыныштық сақтауға тырысыңыз

Сабыр сақтау ешқандай да қауіп- қатер әкелмейді. Ашу баланың бір нәрсеге көңілі толмайтынын білдіреді және онысы — жиі кездесетін қалыпты құбылыс. Мұндайда назарды басқа нәрсеге аудару сіздегі наразылықтың екпінін басуға ықпал етеді. Мысалы: тыныс алуға назар аудару, яғни баяу тыныс алу және демді баяу шығару.

Балаңыздың өз сезімін түсінуіне көмектесіңіз

Балалар өз сезімдерін түсіне бермейді, ал әрбір ата-ананың міндеті — балаға осыны үйрету. Сондықтан бала ашуланған кезде, оның сол сәттегі сезімін өзіне айту маңызды. Мысалы: «Мен саған ойыншық сатып әпермегенім үшін ренжулісің бе?» немесе «Ана қыз бала балмұздақ жеді, ал сен жемедің, сол үшін ренжідің бе?» т. б. Сонымен қатар балаға мұндай жайттардың адам өміріндегі қалыпты жағдай екенін ескертіп отыру қажет. «Кәдімгі ұсақтүйекке бола да бір нәрсеге көңіліміз толмай қалатын жағдай жиі болып тұрады. Бұл жағдай саған да тән» дегенді айтып ұғындыру да — жақсы әдіс.

Балаңызға қалағанын беруге тырыспаңыз

Егер балаңыз ашуланған сәтте оған қалағанын беруге тырыссаңыз, бала мұны қаперге түйіп қояды және болашақта ашулануды қулыққа айналдырып алады. Сондықтан бала талабын әр кезде орындай бермеген дұрыс. Егер бала ашулану арқылы қулық жасауды дағдыға айналдырса, онда сіз балаға қалаған нәрсесін қалаған уақытында беріп келгенсіз және ол оны есі не сақтап алған. Бұл жағдайда бала ашушаңдыққа ұшырайды және ашушаңдығы үдей түседі, өйткені ол ашуланудың өзі үшін пайдалы екенін бейсаналы түрде түсінеді. Мұндай жүйені өзгерту үшін ата-ана наразылығынан гөрі жігер танытуы маңызды. Ата-ана «Сен қалауыңша ашулан, бірақ мен талабыңды бәрібір орындамаймын» деп нақты айтып отыруы қажет. Осылайша қалаған нәрсесін қалаған уақытында ала берудің мүмкін емесіне сендіріп отыруға тиіспіз. Бала бұл кезде белсенді түрде қарсылық көрсетеді, алайда сіз өз ұстанымыңызда табанды түрде тұратын болсаңыз, бала ойлағаны үнемі бола бермейтінін түсінеді, сөйтіп, сіздің позицияңызды өзгерту үшін ашуланудан тыйыла бастайды.

Ал енді баланың ашуын тоқтатудың қандай жолдары бар екенін анықтауға тырысайық, ата-аналар келесі қадамдарды жасап көрулеріне болады:

  1. Алаңдататын амалдар

Әдетте тентектік танытқан сәбиді тыныштандыру оңай емес. Егер мұндай әрекет ұзақ уақытқа созылса, баладағы ашуланшақтықты қалай тоқтатуға болады? Мұндай жағдайларда байсалды амал-тәсілдерге жүгіну қажет. Балаға қандай қатынаста болсаңыз, бала да дәл солай жауап береді. Есіңізде болсын, балаға айқайдан гөрі сабырлы дауыс әсерлірек және, ең бастысы, оң реакция тудырады.

  1. Назар аудармаймыз

Баланың ашушаң мінез- құлқын тоқтатудың өте тиімді әдісі — ашуына 5–10 минут көлемінде назар аудармау. Осы уақытта шыдамдылық танытып, баламен диалогке түспеу қажет. Бұл тәсіл оң нәтиже береді. Әрине, тыныштанған баламен анасы дереу сөйлесуге тырысқаны дұрыс. Өйткені баланың мінез- құлқын талқылап, өзін бұлай ұстауға болмайтынын түсіндіре отырып әңгіме жүргізу қашан да оң нәтиже береді.

  1. Қатаң әдістер

Егер баланың ашуы ұзаққа созылса және сіз жасаған барлық амал еш әсер етпесе, оны бір бөлмеде жалғыз қалдыруға тырысыңыз. Бұл жағдайда баланың толығымен қауіпсіз екеніне және өзіне зиян тигізе алмайтынына алдын ала көз жеткізіп алыңыз.

Баланың ашушаңдығын тоқтатудың тағы бір тиімді әдісі бар: бар болғаны оның мінез- құлқын дәлме-дәл қайталаңыз. Осы ар қылы бала өзінің сырттан қалай көрінетінін, яғни ұнамсыз қылық жасап тұрғанын түсінеді, сөйтіп, кейде мазасыз қылығын ерікті түрде доғарып жатады. Ол үшін оның айқайын, қылықтарын қайталауыңыз керек болады.

 

  1. Шығармашылықпен айналысыңыз

Бұл әдісті өз тәжірибемізге сүйену арқылы ұсынып отырмыз. Егер сіз үйде болсаңыз, әуезді әуен қосыңыз да, би билеп, ән салыңыз. Осылай жеке шығармашылықпен айналысыңыз және балаңыздың назарын осындай қызықты әрекетке аударуға тырысыңыз.

  1. Мүмкін, дәрігер көмегіне жүгіну қажет болар?..

Балалар ашудан қызарып, тұншығып, жалпы, өзін дұрыс ұстай алмайтын кездер болады. Мұндай баланы арнайы бақылауға алу қажет. Бұл мінез- құлық жиі қайталана берсе, дәрігер көмегіне жүгінген дұрыс.

  1. Басқа жағдайлар

Бала ашуын қалай тоқтатуға болатынын білмей қалатын жағдайлар да бар. Мысалы, бала ашудан басын қабырғаға немесе еденге соғып жылағанда, не істерімізді білмей абдырап қаламыз. Бірақ іс жүзінде мұның еш жамандығы жоқ. Балалар әсірелегенді жақсы көреді. Бізге сеніңіз, бала өзіне ешқандай зиян келтірмейді, өйткені оларда өзін-өзі сақтау түйсігі өте жақсы қалыптасқан. Сондықтан ашу кезіндегі мұндай әрекетін елей бермеңіз. Дегенмен баланы көз алдыңыздан қалдырмаңыз.

  1. Сабыр таусылған жағдайда

Сіздің міндетіңіз — баланы тыныштандыру, бұл үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек екенін түсінуіңіз қажет. Баланы қорқытуға, физикалық күш көрсетуге ешқандай жол жоқ. Есіңізде болсын, балаңызға қол көтере алмайсыз! Онан гөрі оған өз-өзін қалай ұстау керек екені жөнінде түсіндіріп айтыңыз. Сонымен қатар баланы тыныштандырғаннан кейін және тәрбиелік әңгімеден кейін, яғни балаңыз бәрін түсінгеннен кейін, осынысы үшін оны мадақтауды ұмытпаңыз. Құшақтаңыз, сүйіңіз. Осы арқылы бала қандай қылықтың ұнамды, қандай қылықтың ұнамсыз екенін білетін болады.

Беседа Анастасия, педагог- психолог,

Сламбекова Айнұр, қазақ тілі мұғалімі