Балаға тәтті сыйлық таңдағанда нені білу керек?

Жаңажылдық мерекелер қарсаңында әр ата-ана баласын сыйлықтармен қуантқысы келеді және сауда объектілерінде ұсынылған тәтті жиынтықтар ерекше сұранысқа ие. Мұндай сыйлықты таңдағанда тәттілердің сапасы мен қауіпсіздігі туралы ұмытпаңыз.

Қарағанды облысы Санитариялық — эпидемиологиялық бақылау департаментінің деректері бойынша, өнім қауіпсіздігінің мониторингі зерттелген кондитерлік өнімдер сынамаларының 5,4%-ы белгіленген техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтінін көрсеткен. Негізгі бұзушылықтар таңбалаудың сәйкессіздігіне (өндіруші, құрамы, өткізу мерзімі туралы ақпараттың болмауы) қатысты, сондайақ жарамдылық мерзімі өткен кондитерлік бұйымдарды өткізу фактілері бар.

Мерекені жағымсыз тосынсыйлармен бұзып алмау үшін, тәттілері бар сөмкені таңдағанда тұтынушы негізгі ережелерді сақтау керек. Сыйлықты сатып алу алдында қаптаманың бүтіндігіне, жеткілікті сақтау мерзіміне, сондай-ақ өнімнің нарықтағы айналымының бірыңғай белгісіне (ЕАС) көз жеткізіңіз. Оның болуы өнімнің Еуразиялық экономикалық одақтың қауіпсіздік талаптарына сәйкес дайындалғанын білдіреді.

Кондитерлік өнімдер құрамында тағамдық  қоспалар, консерванттар, гомогенделген майлар, оның ішінде пальма майы, синтетикалық бояғыштары (Е202, Е200, Е249, Е210) жоқ жиынтықтарды таңдауға басымдық берген жөн. Балаларға қауіпсіз және пайдалы толтырғыштары бар тәттілерді – мармелад, суфле қосылған желе кәмпиттері, пастила, зефир, печенье (бисквитті, галета) беріңіз.

Егер сыйлықтың ішінде ойыншық болса, онда ол туралы ақпарат қаптамада міндетті түрде көрсетілуі керек. Бұл жағдайларда жас шектеулері мен қауіпсіздік техникасы туралы есте ұстаған жөн. Ойыншықта жағымсыз иіс болмауы тиіс және баланы жарақаттауы мүмкін қырлы бұрыштары жоқ материалдардан жасалуы керек.

2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, Қарағанды облысында қауіпсіздік мониторингі шеңберінде іріктелген және зерттелген тамақ өнімдерінің 3 648 сынамасынан 231 сынама бойынша сәйкессіздік анықталды. Оның ішінде 7,8% микробиологиялық көрсеткіштер бойынша бұзушылықтарға, 9,5% жарамдылық мерзімі өткен өнімдерге, 5,6% физикалықхимиялық көрсеткіштерге, ал 77% таңбалау бөлігі бұзушылықтарына (өнім туралы ақпараттың, дайындалған күні мен жарамдылық мерзімінің, өндіруші туралы ақпараттың және т.б. болмауы) қатысты.

Қарағанды облысының СЭБ департаменті сыйлықтарды шығарылған орны белгісіз, бекітілмеген сауда орындарынан алмауға шақырады. Егер сатып алу кезінде өнімнің сапасына күмән туындаса, сатушылардан өнімнің сәйкестік сертификатын талап етіңіз. Кондитерлік өнімдер үшін бұл – сәйкестік туралы декларация.