Балаға бағытталған қолдау – жарқын болашаққа бастар жол

Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың шығармашылық қабілетін дамыту және қоғаммен еркін араласуына жағдай жасау – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы ретте Қарағанды қаласында жұмыс істеп тұрған аула клубтарының маңызы зор. Соның бірі – жүзден астам баланы қамтып отырған «Солнышко» аула клубы.

Бүгінде бала тәрбиесі тек білім беру мекемелерінің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр. Баланың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру, оны пайдалы іске баулу, жаңа ортаға бейімдеу – жас ұрпақтың жан-жақты қалыптасуына ықпал ететін маңызды фактор. Осы бағытта аула клубтары балаларға қолжетімді орта қалыптастырып, олардың өз қабілетін танытуына мүмкіндік беріп келеді.

«Солнышко» аула клубы да осы мақсатта тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Мұнда мектепке дейінгі жастағы бүлдіршіндерден бастап бастауыш және орта буын оқушыларына дейін түрлі үйірмелерге қатысып, уақыттарын тиімді өткізеді. Клубтың басты ерекшелігі – балалардың шығармашылық ізденісіне, қарым-қатынас мәдениетіне және қоғамдық ортаға бейімделуіне басымдық берілуі.

Орталықты Ирина Носова басқарады. Балалармен тәжірибелі нұсқаушы-әдіскерлер жұмыс істеп, әр баланың қызығушылығы мен жеке қабілетін ескеруге тырысады. Үйірмелердің тегін ұйымдастырылуы ата-аналар үшін де үлкен қолдау. Бұл – әлеуметтік тұрғыдан маңызды жобалардың балаларға қолжетімді болуына мүмкіндік беретін нақты мысал.

Мұндай бастамалардың жүзеге асуына жергілікті атқарушы биліктің қолдауы ерекше мәнге ие. Қарағанды қаласының әкімдігі тарапынан балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, аула клубтарының жұмысын дамытуға және жас тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде балалар қажетті оқу және шығармашылық құралдарымен қамтамасыз етіліп, үйірмелерге ақысыз қатысу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Қарағанды қаласының дене шынықтыру және спорт секторының меңгерушісі Берік Досымбековтің айтуынша, балалардың бос уақытын ұйымдастыруда аула клубтарының орны ерекше. Мұндай орталықтар баланы пайдалы іске бағыттап қана қоймай, оның ортаға бейімделуіне, қатарластарымен қарым-қатынас орнатуына және өзіне деген сенімін арттыруына ықпал етеді.

Клубта балалардың ойлау, есте сақтау, сөйлеу және шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге бағытталған сабақтар өткізіледі. Мәселен, «Акварелька» бейнелеу өнері студиясында жас суретшілер қиялын қағаз бетіне түсіріп, түстер мен пішіндерді үйлестіруді үйренеді. Ал «Музыка қонақта» үйірмесінде балалар әуен әлеміне жақынырақ танысып, музыкалық қабілеттерін шыңдайды.

Аула клубының жұмысы тек үйірме сабақтарымен шектелмейді. Мұнда түрлі мерекелік шаралар, шығармашылық кездесулер, отбасылық байқаулар мен танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Мұның барлығы балалардың өзара араласуына, достық қарым-қатынас қалыптастыруына және бос уақытын пайдалы өткізуіне жол ашады.

Әлеуметтену – баланың қоғамдағы орнын түсініп, айналасындағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас орната білуінен басталады. Осы тұрғыдан алғанда аула клубтары – балалар үшін шағын ғана үйірме емес, өзін еркін сезінуге, жаңа ортаға бейімделуге және түрлі қабілетін сынап көруге мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік орта.

Ата-ана Яна Карпук та мұндай орталықтардың бала тәрбиесіндегі маңызын атап өтеді. Оның пікірінше, үйірмелерге қатысу арқылы балалар уақыттарын пайдалы өткізіп қана қоймай, жаңа дағдыларды меңгеріп, өз қызығушылықтарын дамытуға мүмкіндік алады.

Баланың әрбір бос өткізген уақыты оның болашағына әсер етеді. Сондықтан жас ұрпаққа қауіпсіз әрі мазмұнды орта қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеті. Бұл ретте мемлекеттік қолдауға ие әлеуметтік жобалар мен аула клубтарының атқаратын қызметі айрықша.

«Солнышко» аула клубының жұмысы – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған әлеуметтік бастамалардың нақты нәтижесін көрсетеді. Мұнда бала шығармашылығын дамытып қана қоймай, достар тауып, ортаға бейімделіп, өз мүмкіндігін таниды. Ал мұндай мүмкіндіктердің қолжетімді болуы – қала әкімдігінің балаларға деген қамқорлығы мен әлеуметтік бағыттағы қолдауының маңызды көрінісі.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»