Балқашта жаңа мыс балқыту зауыты салынады
Қазақстанда түсті металлургия саласындағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі жүзеге асырылмақ. Мемлекет басшысының шикізатты терең өңдеу және жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында Балқаш қаласында заманауи мыс балқыту зауыты салынады. Үкімет Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Qazaq Smelter» компаниясы арасындағы инвестициялық келісімді бекітті. Жобаға жеке инвесторлар тарапынан 750 миллиард теңге қаржы бағытталады.
Жаңа өндіріс орнының құрылысы 2027 жылы басталып, 2030 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жоба іске асқаннан кейін кәсіпорын жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 миллион тоннадан астам күкірт қышқылын өндіретін болады.
Жаңа зауытта шамамен 1200 тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар кәсіпорын іске қосылған кезде қызметкерлердің, оның ішінде басшылық құрамның 90 пайызы қазақстандық мамандар болады. Кейінгі бес жыл ішінде бұл көрсеткішті 95 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Жоба аясында кадр даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінеді. Инвестор Қарағанды облысындағы жоғары оқу орындары мен колледждерде 50 студентті оқытып, өндірісте жұмыс істеуге дайындауды өз міндетіне алған.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаевтың айтуынша, жаңа кәсіпорын еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.
– Бұл жоба құрылыс кезеңінде мыңдаған адамды жұмыспен қамтып, іске қосылғаннан кейін тұрақты жұмыс орындарын ашады. Ең бастысы, Қазақстанда өндірілетін мысты ел ішінде терең өңдеуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде қосылған құны жоғары өнім көлемі артып, экспорттық әлеует күшейеді. Сонымен қатар жоба өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа өндірістердің ашылуына және бюджет кірісінің ұлғаюына оң әсер етеді, – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев.
Үкіметтің мәліметінше, кәсіпорын әлемдік экологиялық талаптарға сай озық технологиялармен жабдықталады. Өндіріс барысында атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтарды азайтуға мүмкіндік беретін заманауи газ тазарту және қоршаған ортаны қорғау жүйелері қолданылады.
Мамандардың айтуынша, катодты мыс – қазіргі өнеркәсіптің негізгі шикізатының бірі. Ол электр кабельдерін, энергетикалық жабдықтарды, құбырларды, құрылыс материалдарын, автокөлік бөлшектерін, сондай-ақ қола, жез және басқа да түсті металл қорытпаларын өндіруде кеңінен пайдаланылады.
Сарапшылардың пікірінше, Балқашта салынатын жаңа мыс балқыту зауыты Қазақстанның шикізат экспортынан дайын өнім өндіруге көшуіне мүмкіндік беретін маңызды жобалардың біріне айналады. Сонымен қатар бұл бастама өңір экономикасын әртараптандырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және металлургия саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға елеулі үлес қоспақ.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»


