Балқаш көліне кәріз суы құйылып жатыр

Балқаш көліне кәріз суы төгіліп жатыр. Осылай деп дабыл қаққан Шашубай кентінің тұрғындары әкімшіліктен көмек сұрап, әлеуметтік желіге бейнежазба жүктеген. Онда ауыл белсенділері айдынға кетіп жатқан кәріз суын Балқаш су компаниясының басшылығына көздерін шұқып тұрып көрсетіп жүр. Бірақ олар даладағы еріген қар суы екенін айтып дес берер емес.

Тұрғындар іргедегі қалдық су жиналатын қазаншұңқырдың асты жарылғанын қыстан бері айтып келеді. Қар қатып жатқан кезде де сары, жасыл түсті лас судың далаға жайылып жатқанын елдің барлығы көрген. Бірақ жауапты мекеме қолдарында тексеру қорытындысы барын айтып ақталумен келеді. Айтуларынша, бұл — авариялық жағдайға арналған тоған екен. Негізгі тоған толып кеткен жағдайда ғана кәріз суын осында ағызатын көрінеді. Салынғанына бірнеше жыл болған. Алайда тұрғындар шағымынан соң шұғыл тексеріс жүргізген экологтер кәріз суының жер астынан кетіп жатқанын растап отыр. Осыған орай арнайы комиссия құрылып, жағдай бақылауға алынған. «Көлден және ағынды судан сынама алынып, қаншалықты деңгейде ластанғаны анықталатын болады», — дейді Қарағанды облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Дархан Исжанов.

Қазір жауапты мекеме жергілікті әкімшілікпен бірлесіп авариялық тоғанның жанынан қосымша тағы бір тоған салып жатыр. Енді қарғын су мен қалдық судың барлығы көлге жетпей осында құйылуы тиіс.

Асыл АЙБЕК, «QH»