Байқауда бағы жанды

Қарағанды қаласының №15 орта мектебінің оқушысы Ангелина Газдиева Облыстық полиция департаменті ұйымдастырған интернет-алаяқтық туралы бейнероликтер байқауында жеңіске жетті.

Интернет-алаяқтар пайдаланатын әдістер туралы үздік бейнеролик байқауына мектеп оқушылары, студенттер, блогерлер мен журналистер қатысты. Шығармашылық жарысқа үш банк демеушілік етті.

Қатысушылардың жұмыстарын БАҚ өкілдері, қоғам қайраткерлері және банк саласының қызметкерлерінен құралған қазылар алқасы бағалады. Тақырыптың толық ашылуы, ұсынылған ақпараттың өзектілігі, автордың шығармашылық көзқарасы бағаланды.

– Қазіргі уақытта интернеттегі алаяқтық – қылмыстың ең көп таралған түрі. Осы бейнероликтер арқылы алаяқтардың айла-амалдарының алдын алу үшін осындай байқау жарияладық, – дейді Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Байқау қорытындысы бойынша, №15 орта мектептің 11-сынып оқушысы Ангелина Газдиева бас жүлдені қанжығалап, ІPhone 13 Pro ұтып алды.

Ал бірінші орын Айсұлтан Жақыповқа бұйырса, екінші орынды Бекжан Есенов, үшінші орынды Елена Сахарчук иеленді. Жүлдегерлерге де дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА

«QH»