БАҚЫТТЫ ӘЙЕЛ – СҰЛУ ӘЙЕЛ

Бала туылғаннан кейін, көптеген ана өзін ұмытып, өмірін нәресте мен үйге арнайды. Қоғам көбінесе әйелдердің бұл ісін әдеттегі дүние ретінде қабылдап, ерекше ештеңе жоқ деп санайды. Тіпті шағымдана қалса, айналасындағы адамдар оның сезімдерін құнсыздандыра бастайды. Енелер мен жеңгелердің «кезінде егін орып жүріп босана салатынбыз» немесе «біз кіржуғыш пен жаялықсыз өсіргенбіз, сендер бақыттысыңдар» дейтін әңгімелерін әр әйел естіген болар. Дегенмен «әйел бақытты болса ғана отбасы бақытты болады» деген сөз бар. Ал «Сұлу әйел бақытты». Қарағандыда дәл осы атаумен көпбалалы және жалғызбасты аналарға арналған тегін шеберлік сағаты өтті. Кәсіби маман нәзік жандыларға боянудың қыр-сырын үйретті. Көпбалалы аналардың өзіне көңіл бөлуге көбіне уақыты жетпей жатады.

Ақдидар Жақсылықова – 5 баланың анасы. Жас ана қазір декреттік демалыста. Шеберлік сағатында өзін модель ретінде сынап көрді. Нағыз маманның жұмысынан кейін жарқырап шыға келген көпбалалы ана өте қуанышты. Көптеген тың ақпарат білгенін айтады.

– Маған қатты ұнады. Бүгін, міне, сертификат алдым, алғысым шексіз. Көптеген нәрсені білмейді екенмін, өзім алғаш рет қатысып тұрмын. Бетті қалай бояу керек, түс таңдау секілді өте көп сыры бар. Тағы қатысуды қалайтын едім. Көп дүние білдім, – дейді көпбалалы ана Ақдидар Жақсылықова.

Шеберлік сағатын бет әрлеуші Айдана Оспанова өткізді. Бұл салаға келгеніне көп болмаған. Негізгі мамандығы – педагог-психолог. Сұлулыққа бала кезінен жаны құмар жан ақыры өмірін осы саламен байланыстыруды шешкен. Қаланың көптеген танымал визажисінен сабақ алып, бүгінде сүйікті ісін кәсіпке айналдырып отыр. Аналарға боянудын қыр-сырын үйретіп, бет күтімі жайлы ақпарат бөлісті.

– Мұндай шеберлік сағаттарын өткізгенді ұнатамын. Өзім де қаншама кәсіби визажистен сабақ алдым, алдағы уақытта шеберлігімді одан әрі дамытқым келеді. Аналарымыз бүгін жайнап, жарқырап шыға келді. Олар тек әдемі, әсем болып жүруге лайықты. Әйел адамның өзіне әрдайым қарап, күтініп жүргені абзал ғой, – деді бет әрлеуші Айдана Оспанова.

Шеберлік сағатының соңында нәзік жандыларға арнайы сертификат табысталды. Бұл – үйде отырған аналарға тек әдемі болуға ғана емес, өзіне ұнап жатса, осы бағытқа қарай бет бұруға шабыт береді. Келушілердің барлығы – Отбасын қолдау орталығының қабылдауындағы аналар.

– Сұлу әйел өзін сенімді, еркін сезінеді. «Сананы тұрмыс билейді» дейді ғой. Көпбалалы аналар көбіне өз уақытын балаға арнайды. Өз-өзін күтуден кейде сырт қалады. Содан кейін осы шараны ұйымдастырып, ол кісілердің қаншалық сұлу екенін есіне салғымыз келді. Енді осы жерде ғана қалмай, әрі қарай жалғастырады деп үміттенеміз, – дейді Әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің маманы Зәмзәгүл Мамалинова.

Шеберлік сағаты Отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен алғаш рет өтті. Алдағы уақытта дәстүрге айналдыруды көздеп отыр.

Нұрәсем АХАН,«QH»