«Бақыт мейрамы – Наурыз»

Қарағанды бейнелеу өнері мұражайында 26 наурызға дейін «Бақыт мейрамы – Наурыз» көрмесі өтеді. Экспозицияда жүзден астам жәдігер қойылады.

– Көрмеге тоқыма, кесте, киіз басу, аппликация, соғу, құю және т.б. әдістермен жасалған бұйымдар қойылған. Жұмыстардың 60 пайызы Сарыарқа шеберлеріне тиесілі болады, – дейді мұражайдың бас сақтаушысы, көрме кураторы Дәмелі Қадырқұлова.

Бейнелеу өнері мұражайы болғандықтан мұнда Наурыз тақырыбына қатысты картиналар да қойылады. Мысалы, теміртаулық суретші Қуат Асқаровтың суреті, сондай-ақ тек ағашпен айналысатын жергілікті қолөнерші Людмила Косованың жұмысын атап өтуге болады. Людмила мұражайға тостаған мен шөміштен тұратын қымыз жиынтығын және «Алтын торсық» композициясын сыйға тартыпты.

Көрменің ашылу салтанаты 16 наурызда өтіп, оған №45 гимназияның бастауыш сынып оқушылары қатысады. Көрме барысында халықтық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер де көрсетіледі. Көрме қаламыздың барлық тұрғыны үшін қолайлы.

Мұражай гидтері мейрамның барлық күнінде жұмыс істейді. Сонымен, қарағандылықтар мен қала қонақтарын мұражайға шақырамыз.

Сондай-ақ Наурыз мейрамына арналған мұражай сабақтары өтеді. Оларға 47-91-85, 47-54-75 телефондары арқылы жазылуға болады.