Бақыт деген не өзі ?
Қарағандыдағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында көрерменге ерекше форматтағы «Бақыт деген не өзі?» атты поэтикалық спектакль ұсынылды. Режиссер Айдын Салбан сахналаған қойылым адам өміріндегі ең күрделі ұғымдардың бірі – бақыттың мәнін поэзия, музыка және актерлік шеберлік арқылы ашуға талпынған.
Қойылым басталған сәттен-ақ залдағы көрерменді ойлы атмосфера баурап алды. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің шығармалары негізінде өрілген спектакльде әр адамның бақыт туралы түсінігі әртүрлі болатыны, оның жасына, өмірлік тәжірибесіне және дүниетанымына байланысты өзгеріп отыратыны бейнеленді. Спектакльдің өзегіне ақын Мұқағали Мақатаевтың «Бақыт деген не өзі?» атты өлеңіндегі философиялық ойлар арқау болған. Сахна төріне шыққан қарияның осы сауалды қоюынан басталған оқиға желісі біртіндеп әртүрлі кейіпкерлердің тағдыры арқылы жалғасады. Жастардың бірі бақытты байлықтан іздесе, енді бірі оны мансаппен байланыстырады. Тағы бірі үшін бақыт – махаббат пен отбасы, ал кейіпкерлердің өмір жолы олардың бұл ұғымды уақыт өте келе қайта бағамдауына себеп болады.
Қойылым барысында режиссер өмірдің қуанышы мен өкінішін қатар көрсетеді. Бір кейіпкер сүйген жарынан айырылып, өмірдің мәнін жоғалтса, енді бірі перзентінен көз жазып, ауыр қайғыны бастан кешіреді. Байлық пен атаққа қол жеткізгендердің өзі шынайы мейірім мен отбасы жылуы болмаса, жан дүниесінде бос кеңістік қалып қоятынын түсінеді.
Әсерлі көріністердің бірі – анасын сағынған адамның жан күйзелісі. Ана мейірімінің орнын ештеңе баса алмайтынын жеткізген бұл эпизод көрерменге ерекше әсер қалдырды. Кейіпкердің өкініші арқылы режиссер адам баласының көп жағдайда бақыттың қадірін оны жоғалтқан кезде ғана түсінетінін меңзейді.
Спектакльде орындалған поэзиялық шығармалар мен музыкалық композициялар қойылымның мазмұнын тереңдете түсті. Мағжан Жұмабаев пен Абай Құнанбайұлының философиялық ойлары да сахналық шешіммен үйлесіп, өмірдің өткіншілігі, адамның ішкі еркіндігі мен рухани ізденісі туралы ой қозғады. Кейіпкерлердің бірі қоғамдағы жетім мен жесірдің тағдырына алаңдап, адамның өз-өзіне тұтқын болып қалатын сәттерін тебіреніспен жеткізеді. Бұл көрініс арқылы қойылым тек жеке адамның бақыты емес, қоғам алдындағы жауапкершілік пен адамгершілік құндылықтарын да алдыңғы қатарға шығарады.
Спектакльдің басты ерекшелігі – ол көрерменге дайын жауап ұсынбайды. Керісінше, әр адамды өз өміріне үңіліп, «бақыт деген не?» деген сауалға жеке жауап іздеуге жетелейді. Қойылым аяқталғаннан кейін театр фойесінде арнайы пікір бұрышы ұйымдастырылып, көрермендер осы сұраққа өз ойларын жазып қалдырды.
Поэтикалық қойылымның өн бойында айтылған ойлардың түйіні Мұқағали Мақатаевтың жыр жолдарымен үндеседі: адам баласы бақытты алыстан іздегенімен, оның бастауы өз жүрегінде, жақын жандарының жанында және өмірдің әр сәтін бағалай білуде жатыр. Осы идеяны сахна тілімен жеткізген «Бақыт деген не өзі?» спектаклі көрерменді күлдіріп қана қоймай, толғандырып, өмірдің шынайы құндылықтары туралы ойлануға себеп болды.
Фото Сәкен театрының баспасөз қызметінен
Ералы ҒАНИ,
«QH»

