Бағдаршамның әлегі

Бір бағдаршам. Бір апта. Зардап шеккен бір адам. Ермеков көшесі бойында №49 ғимарат маңындағы бағдаршамның беймәлім жағдайда алынып тасталуы сол жердегі жұрттың наразылығын туындатты. Жол қозғалысын автоматты түрде реттейтін бағдаршамның қайда кеткенін білмеген жұрт дал болды. Ал жол бойының нақ осы тұсы – көлік пен жаяу жүргінші қозғалысының қарқынды легі өтетін жер. «Халық айтса қалт айтпайды» демекші, жұрт шуласқан бір аптада жол бойында жол-көлік оқиғасынан бір адам зардап шегіп тынды.

Жұртты шулатып жоғалып кеткен бағдаршам Ермеков көшесі бойына еріккеннен қойылмаған екен. Сол маңда бірнеше білім мекемесі шоғырланғандықтан, бағдаршам балалардың бас амандығын сақтаушы негізгі тетік болған. Өйткені ол жерде «Friendship» жекеменшік мектебі, «SBTC» ағылшын тілі курстары орталығы, «Раздолька» балалар орталығы және «Колобок» балабақшасы мен «Аманат» спорт орталығы бар. Алайда бағдаршамды алуға пәрмен берген пысықайлар мұның бәрін ескермесе керек. Бірақ баласының қауіпсіздігін қалт жібермейтін ата-аналар алаң болып, бірден шу көтерді. «Ағылған көлік арасынан аман өту – бала былай тұрсын, ересек адамдардың өзіне үлкен сынақ» десті жұрт. «Жолдағы тиісті таңбалаудың болмауы салдарынан апаттың орын алуы бек мүмкін» деп болжам айтылды. Өйткені аталған аумақта жаяу жүргіншілер жолағы барын түсіндірер белгінің өзі ағаштар тасасында қалған. Сондықтан ағылған көліктер оны байқамайды да. Осынша қауіпті ескерген Балалар орталығының басшылығы да ресми сұрау салған. Ол кезде жол полициясы «бағдаршам алынып, тұрар жері ауыстырылды» деп жауап берген. Мұнда қажеттілік жоқ деп санаса керек. Қашандағыдай жұрт пікірі, сол маңдағы қозғалыс қарқыны ескерілмеген. Өз кезегінде Коммуналдық шаруашылық бөлімі жолдың осы бөлігіндегі аялдаманы ауыстыру туралы шешім қабылдағанын айтып түсіндірді. Соның нәтижесінде адамдар жолдан басқа жерден өтеді деп жоспарланған. Басты шаруа әуелі аялдаманы ауыстыру еді, алайда мұнда бәрі керісінше жасалған. «Жұмысты аялдамадан емес, бағдаршамнан бастау – миға сыймас қисынсыз әрекет» деген жұрт желіде біраз сын айтты. Жұрт ауыз жиып үлгерместен, бағдаршамға қатысты шешімнің үлкен қателік екені расталды. Реттелмейтін жаяу жүргінші жолында 12 жастағы жеткіншекті көлік қаққан жазатайым оқиға тіркелді.

Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі:

– Ағымдағы жылдың 28 қыркүйегінде таңғы сағат 9 шамасында «Тойота Прадо» автокөлігінің 37 жастағы жүргізушісі Ермеков көшесімен келе жатып, алдын ала деректер бойынша, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі бойында өтіп бара жатқан адамды қағып кеткен. Жол апаты салдарынан 12 жастағы бала медициналық мекемеге жеткізілді. Факт полицияда тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады, – деп мәлімдеді.

Орын алған осы жағдайдан кейін Қарағанды қалалық әкімдігінің Коммуналдық шаруашылық бөлімі жолдың жаяу жүргіншілерге арналған арнайы бөлігі ауыстырылмайтынын мәлімдеді. Сол маңдағы барлық білім мекемесі үшін де, баласының бас амандығы үшін қам жеген ата-аналар үшін де бұл, әрине, жағымды жаңалық болды. Бірақ қашандағыдай біздегі ағаттық адам өмірімен өлшенетіні өкінішті. Жауаптылардың жауапсыз әрекеті салдарынан көлік қағып ауруханаға түскен жеткіншектің жағдайы қандай әрекет болмасын халықпен санасу керегін ұғындырғандай.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»