Баға тұрақтылығы бақылауда

Облыстық мәслихатта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мақсатында дөңгелек үстел өтті. Мемлекеттік органдар басшыларының, өңір әкімдіктерінің, облыстық кәсіпкерлер палатасының, «Сарыарқа» ӘКК, ірі сауда орындары өкілдері мен кәсіпкерлер қатысқан жиында әлемдегі саяси ахуалдың еліміздегі азық-түлік бағасына әсері талқыланды.

Ресми деректер жыл басынан бері азық-түлік, тауарлар мен қызметтер бағасының кемі 8 %-ға көтерілгенін көрсетіп отыр.

Әлеуметтік- мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Қадиша Оспанованың айтуынша, рейд барысында әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын негізсіз өсіру орын алғаны анықталған. Оның өзінде көтерме баға өзгермесе де, бөлшек саудада екі еседен астам өскенін көруге болады. Мұндай жағдай Қарағанды ғана емес, ел аумағында байқалған. Мәселен, деректер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын негізсіз көтерудің мыңдаған фактісі анықталғанын көрсетеді.

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров бағаны тұрақтандыру үшін ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруге баса назар аударылып отырғанын және облыста тұрақтандыру қоры құрылғанын айтады.

Құзырлы орган басшысының сөзіне сенер болсақ, халықтың дүрлігуіне ешқандай негіз жоқ. Себебі тұрақтандыру қорында 8 561,4 тонна өнім бар. «Сарыарқа» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясының қоймасында 23,7 тонна қарақұмық, 500,3 тонна қант және 37,4 мың литр күнбағыс майы сақтаулы. Астықтың резервтік қоры бойынша 8 000 тонна ұн тағы бар. Бекітілген төмендетілген бағалар бойынша жасалған меморандумға сәйкес, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін жеткізу де жалғасуда.

— Өткен аптада Қарағандының сауда нүктелеріне келісі 65 теңгеден 13 тонна картоп жеткізіліп, бөлшек саудада 85 теңгеден сатылды, одан бөлек 4 тонна сәбіз де бар. Көтерме бағасы 70 теңгеден болса, бөлшек саудада — 85 теңге. 2 тонна қырыққабаттың да бір келі үшін бағасы — 85 теңге. Пияз да жеткілікті. Мысалы, келісі 58 теңгеден әкелінген 4 тонна пияз 70 теңгеден бастап сатылды. «Шығыс» базарындағы орташа көтерме бағаға тоқталар болсақ, картоптың бір келісі — 170–180 теңге, қырыққабат — 350 теңге, Ираннан жеткізілген қырыққабат — 420 теңге, сәбіз — 180 теңге, пияз — 140– 150 теңге, — деп тарқатты Асқар Санаубаров.

Құс фабрикаларымен жасалған меморандумға сәйкес, І санаттағы жұмыртқа ондығы сауда желісіне төмендетілген бағамен 260 теңгеден жеткізіледі де, сауда нүктелерінде 270–290 теңгеден сатылады. Бір апта ішінде Қарағандының сауда нүктелеріне 26 мың жұмыртқа, Жезқазғанға 18 мың жұмыртқа жеткізілген. Асқар Дәукенұлы жұмыртқаға қатысты осындай мәлімет берді десек, нанның бағасына қатысты айтқанынан оның да бағасы шарықтап кетпегенін біліп үлгердік. Резервтік қордағы ұннан пісірілген нанның әр бөлкесі сауда нүктелерінде 75 теңгеден сатылады. Бірақ 75 теңгенің арзан нанын үй жанындағы кез келген дүкеннен сатып ала алмасыңыз бесенеден белгілі. Арзан нан алу үшін келісім жасалған «Magnum», «Южный», «Norma N» және «Корзина» тәрізді ірі сауда желілеріне бару керек. Асқар Санаубаровтың айтуынша, резервтік қордағы бидайдан дайындалатын бірінші сұрыпты ұнның қалдығы — 8 131 тонна. Бұл — бидайдың жаңа түсімін алғанға дейін қарағандылықтардың арзан наннан қағылмайтынының кепілі.

Асқар Санаубаров Қарағандының барлық супермаркетін 75 теңгелік нанмен қамту мүмкіндігі жоқ екенін айтты. Қарағандыдағы 53 супермаркеттің 40-ына ғана осындай нан жеткізіледі.

Депутат Айман Түкбай алдағы жаздың ыстық әрі құрғақ болатынын айтып, «Құрғақшылыққа төзімді тұқымдар бар ма?» деген сауал қойды. Асқар Санаубаров мұндай тұқымдық қор жоқ екенін, шаруашылықтар тұқымды өздері сатып алатынын айта келе, мәселені шешетіндерін, соған қарамастан облыс тұқыммен қамтамасыз етілгенін де жеткізді.

Бағаның көтеріліп кетпеуіне облыстық кәсіпкерлер палатасы да үлес қосуда. Директоры Ернар Құлпейісов бизнес пен халықтың мүдделерін ескере отырып, баға реттеудің қолданыстағы тетігін қайта қарауға шешім қабылданғанын айтады.

— Біз министрлікке салалық сарапшыларды, оның ішінде ӘМАТ өндірушілерін және сауда желілерін жұмысқа тарту туралы ұсыныс білдірдік. Бірлескен талдау ұсыныстарды пысықтауға мүмкіндік береді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына, мысалы, азық-түлік карталарын енгізе отырып, ӘМАТ реттеуді алып тастау мүмкіндігін қарастыруды ұсындық. Сондай-ақ ӘМАТ тауарлары бойынша ҚҚС мөлшерлемесін 8 %-ға дейін төмендетуге болады. Мұндай шара 2020 жылғы наурызда төтенше жағдай кезеңінде енгізілді. Соңында біз ауылшаруашылығы тауар өндірушілері үшін субсидиялау, жеңілдетілген несие беру, кіріс ресурстарын арзандату бөлігінде мемлекеттік қолдау көлемін арттыруды, сараланған тарифтер енгізуді ұсындық, — деді Ернар Құлпейісов.

Сондай-ақ Ернар Құлпейісов жағдайды тұрақтандыру үшін басым бағыт жергілікті мазмұн үлесін арттыру керектігін алға тартады. Бұл ретте отандық тауар өндірушілер үшін қолайлы жағдай жасау керек.

Әлбетте, бағаның өсуі халықтың әлеуметтік осал топтарына соққы болатыны анық. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова оларды қолдаудың тетіктері жайлы мәлімдеді. Оның айтуынша, аз қамтылған 1 984 отбасына 2022 жылы АӘК төлеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 1 729,4 миллион теңге қарастырылған. АӘК алатын аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін оған азық-түлік пен тұрмыстық химия тауарларының жиынтығы енгізілген.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Қарағанды облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысы Жанат Садықова тауарлар бағаларының мониторингісі деректерімен бөлісіп, олардың көтерілгенін тағы да растады.

— Біз апта сайын ӘМАТ бағасын тіркейміз, әрбір тауарға 6-дан 8-ге дейін базалық объект бар. 1–24 наурыз аралығында құмшекер — 32,5 %, қырыққабат — 14,6 %, тұз — 13,8 %, сәбіз — 12,5 % қымбаттағаны байқалды. Жұмыртқа бағасы — 12,4 %, сүт — 10,9 %, макарон өнімдері — 18,5%, картоп — 7,3% өсті. Тұрақтандыру қорларынан өнім төмен бағамен жеткізілгенімен, бұл жағдайға айтарлықтай әсер етпейді, — дейді ол.

Заңнама бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түріне арналған сауда үстемелері 15%-дан аспауы тиіс. Бұл жағдайда супермаркеттер тауарды тікелей өндірушілер мен жеткізушілерден алғандықтан, үстеме баға аз қосылса, шағын дүкендер ұсақ көтерме саудагерлерден немесе базардан сатып алатындықтан, жүкқұжаттар мен ілеспе құжаттар бойынша проблемалар туындайды, сондықтан екі есе үстеме пайда болады. Алайда оларға қатысты әлі ешқандай әкімшілік шара қабылданбағанын айтады мамандар.

Дөңгелек үстел қорытындысында баға тұрақтандыру және инфляцияны тежеу үшін бірқатар ұсыным қабылданды. Уәкілетті органдарға сауда желілері мен отандық тауар өндірушілер арасында ұзақ мерзімді келісімшарт жасасуды қамтамасыз ету, «айналым» сызбасын қаржыландыруды және тұрақтандыру қорларына азық-түлік сатып алуды ұлғайту жұмыстарын жандандыру ұсынылды. «Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажет», — деп атап өтті облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешов.

Ауылшаруашылығы басқармасына фермерлермен өзара іс-қимыл тетігін ойластыру, «өндіріс — тұтыну» жүйесін қолданысқа енгізу, ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобаларын іске асыру жөніндегі жұмысты жандандыру ұсынылды. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтары үшін әлеуметтік карталар енгізу жұмысын бастау ұсынылды.

Әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының бағасын реттеу мәселесі облыстық мәслихат депутаттарының бақылауында. Ірі сауда орындары мен базарлардың өкілдерімен осындай кездесулер тұрақты өткізілетін болады.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»