Баға шарықтап барады: Алаңдаушылық негізді ме?

1 шілдеден бастап азық-түлік бағасы күрт қымбаттайды деген сыбыс ел ішінде дүрбелең туғызды. Әлеуметтік желідегі бейресми ақпаратқа сенген жұрт дүкендерге лап қойып, азық-түлік қорын ерте қамдай бастады. Желіде тарап жатқан бейнероликтерде тұрғындар «қант, май, вермишель, сүт» сияқты күнделікті тұтынатын тауарларды қаптап сатып алып жатқанын көруге болады.

Маусымның соңғы күнінде тараған бұл ақпарат, әсіресе ұн мен күнбағыс майының күрт қымбаттайтыны туралы болжамдар, халық арасында қобалжу туғызды. Желіде тараған мәліметтерге сәйкес, ұн бағасы 44,6%-ға өсіп, 96 теңгеден 139 теңгеге жетеді, ал күнбағыс майы 61%-ға қымбаттайды деген болжамдар айтылуда. Сонымен қатар, ашытқы бағасы да қымбаттауы мүмкін, бұл өз кезегінде нан мен тоқаш өнімдерінің де бағасына әсер етеді.

Алайда Қарағанды облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. Басқарма басшысының орынбасары Сырым Бошпановтың айтуынша, «ұн бағасының 60 пайызға күрт өсуі – ақылға сыйымсыз». Оның сөзінше, өңірде астық қоры жеткілікті, әрі өткен жылғы өнімнен біраз көлемде ұн тартылып, қор жасақталған. Қазіргі уақытта жаңа егін күтіліп, жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Бәлкім, халықта бірдеңені болжайтын ішкі түйсік бар шығар – бензиннің қымбаттауы, көрші елдердегі баға ауытқуы сынды факторлар әсер етуі мүмкін. Бірақ бізде бағаның бұлайша шарықтауына нақты негіз жоқ», – дейді Сырым Бошпанов.

Басқарма өкілінің айтуынша, негізгі азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары іске қосылған. Мысалы, наубайханаларға жеңілдетілген бағамен ұн берілуде. Бұл – «Азық-түлік корпорациясының» бидайынан тартылған ұн. Сонымен қатар, ірі өндірушілерге жеңілдетілген несие беріліп, күнделікті қажет тауарлар – күнбағыс майы, тұз, қант, қарақұмық сынды өнімдер арнайы қор арқылы алдын ала сатып алынған.

Қазірдің өзінде жұмыртқа бағасы сәл төмендегенімен, бұл маусымдық құбылыс ретінде қарастырылуда. Қалған өнімдердің бағасы әзірге өзгеріссіз, бірақ кейбір көкөніс түрі қымбаттап кеткен. Бұған маусымаралық кезең мен логистика шығындарының артуы әсер еткен. Жанармай бағасының өсуі – азық-түлік жеткізу құнына тікелей ықпал ететіні анық.

Сауалнамалар мен пікірлерге сүйенсек, жұрттың басым бөлігі бағаның күн сайын өзгеруінен шаршағанын айтады.

«Бұрын 10 мың теңгеге біраз нәрсе алатын едік. Қазір сол ақшаға бір-ақ күнге жететін азық аласың», – дейді қала тұрғыны.

«Зейнетақы тым аз емес, бірақ бәрібір жетпейді. Балалармен бірге тұратын болған соң, шығын көп», – деп қосты тағы бір тұрғын.

Жалған ақпарат пен негізсіз дүрлігу ел ішінде тұрақсыздық туғызуы мүмкін. Ресми органдар жағдай бақылауда екенін айтып, тұрғындарды сабырға шақыруда. Дегенмен, логистика шығындары мен сыртқы факторлардың әсерінен азық-түлік бағасы алдағы уақытта біртіндеп өсуі мүмкін деген қауіп те жоқ емес.

Тұрғындар да, билік те дайын болуға тиіс. Алайда бастысы – ақпаратты тексеріп барып әрекет ету, өйткені үрей – ең қымбат «тауар».

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»