Баға бақылауы күшейді: базарлар жаңғырып, әлеуметтік тауарлар тұрақтандырылуда
Қарағанды өңірінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтерілді. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, делдалдық тізбектерді қысқарту және сауда процесінің ашықтығын қамтамасыз ету – бүгінде негізгі басымдықтардың бірі. Бұл ретте өңірлік комиссия жүйелі тексерістер жүргізіп, нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр.
Кезекті бақылау шарасы Қарағанды қаласындағы «Шығыс» көтерме базарында өтті. Оған әкімдік, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, сондай-ақ сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өкілдері қатысты. Тексеру барысында кәсіпкерлерге қолданыстағы заң талаптарын сақтау, бағаны негізсіз көтермеу және ашық баға саясатын ұстану жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ет, көкөніс және бакалея өнімдерін делдалсыз жеткізу мәселесіне ерекше назар аударылды.
– Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне 31 өнім енгізілген. Сауда ережесіне сәйкес, бұл тауарларға 15 пайыздан артық үстемеақы қосуға болмайды. Осы талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында өңірлік комиссия тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Жыл басынан бері 25 отырыс өтіп, онда 55-тен астам сауда субъектісі қаралды. Нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, тиісті шаралар қабылданды, – деді Расул Қасенхан, Қарағанды облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары.
Мамандардың айтуынша, негізгі міндет – бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеу ғана емес, сонымен қатар өндіруші мен тұтынушы арасындағы артық делдалдарды азайту.
– Мақсат – сауда ережелерінің сақталуы, бағаның негізсіз көтерілмеуі және делдалдық тізбектерді қысқарту. Өндіруші мен сатушы арасындағы артық буындар бағаның өсуіне әсер етеді, сондықтан бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде, – деді Расул Қасенхан.
Жалпы статистикаға сүйенсек, өткен жылы бағаны негізсіз өсірудің 158 дерегі анықталған. Ал биыл жыл басынан бері әлеуметтік тауарларға белгіленген 15 пайыздық үстемеақыны сақтамаудың 55 фактісі тіркелген. Қазіргі таңда 5 супермаркет, 21 көтерме жеткізуші және 28 «үй жанындағы» дүкен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 1,7 миллион теңгеден асатын айыппұл салынған. Сондай-ақ, баға көрсеткіштерін орналастырмаған 11 кәсіпкерге де шара қолданылды.
Базарларды жаңғырту – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. «Шығыс» базарында жүргізіліп жатқан жаңарту жұмыстары бүгінде үшінші, яғни қорытынды кезеңіне жеткен. Мұнда санитарлық талаптар күшейтіліп, сауда орындары заманауи талаптарға сай жабдықталуда.
– Едендерін жаңартып жатырмыз, шатырын жауып жатырмыз. Келушілерге қолайлы болу үшін барлық жағдай жасалуда. Санитарлық талаптар толық сақталады, шаң-тозаң болмайтындай етіп ретке келтірдік. Жалға алушылар да, сатып алушылар да риза, – деді базар қызметкері Павел Теремизов.
Жаңғырту жұмыстары кәсіпкерлер тарапынан да қолдау табуда. Ұзақ жылдар бойы осы базарда еңбек етіп келе жатқан кәсіпкерлер өзгерістердің оң әсерін атап өтті.
– Осы жерде 30 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Қазіргі өзгерістерге өте ризамыз. Базар іші жарық, таза, жинақы. Клиенттер де риза, бұл біз үшін ең маңыздысы, – дейді кәсіпкер Гүлжәмилә Қадырқұлова.
Жаңғыртудың негізгі мақсаты – сауда процесін толық цифрландыру және ашықтықты қамтамасыз ету. Базар иелері енді барлық келісімшарттарды, жалдау төлемдерін және сауда шарттарын ақпараттық жүйелер арқылы тіркеуге міндетті. Бұл көлеңкелі айналымды азайтып, бағаның қалыптасуын нақты бақылауға мүмкіндік береді.
– Сауда үрдісінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Сауда министрлігімен үлкен бағдарлама, яғни базарларды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Әрбір базар бойынша нақты жол картасы бекітілген. Бүгін көріп отырғанымыздай, «Шығыс» базары осы жаңғыртудың үшінші кезеңін аяқтау сатысында, – деді Абзал Рахымбаев, облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы.
Айта кету керек, Қарағандыда жалпы 5 ірі базар толық жаңғыртудан өтеді деп жоспарланған. Бұл жұмыстар тек инфрақұрылымды жақсартумен шектелмей, азық-түлік бағасының әділ қалыптасуына, кәсіпкерлер мен тұтынушылар арасындағы сенімді арттыруға бағытталған.
Тұрғындар да баға тұрақтылығына қатысты пікір білдіруде.
– Жалпы бағалар тұрақты деуге болады. Бірақ ет өнімдері қымбаттап кеткенін байқаймыз, сондықтан сирек аламыз. Негізінен базардан ірімшік пен кептірілген жемістер сатып аламын. Бағалар әр жерде шамалас, – дейді қала тұрғыны Медина Мерхатқызы.
Осылайша, Қарағандыда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар тек бақылаумен шектелмей, базарларды жаңғырту, сауданы цифрландыру және ашықтықты арттыру арқылы кешенді түрде жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде тұрғындар үшін қолжетімді бағаны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

