Баға бақылауда, құқық қорғалады

Қарағанды облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Жыл басынан бері өңірде бағаның негізсіз өсуіне жол берген кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылып, заң бұзушылықтардың жолы кесілді.

Брифинг барысында Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Абзал Рахымбаев 2026 жылдың басынан бері департаментке 1409 өтініш түскенін айтты. Оның 77,4 пайызы бойынша тұтынушылардың құқықтары қорғалып, оң шешім қабылданған. Нәтижесінде азаматтарға жалпы сомасы 99,7 миллион теңге қайтарылған.

– Тұтынушылардың құқықтарын қорғау – біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Жыл басынан бері келіп түскен өтініштердің басым бөлігі бойынша азаматтардың заңды мүдделері қорғалып, 99,7 миллион теңге көлеміндегі қаражат қайтарылды. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді. Бағаны негізсіз көтеру фактілері бойынша заң аясында тиісті шаралар қабылдануда, – деді Абзал Рахымбаев.

Департамент басшысының айтуынша, өңірде сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек бағасының негізсіз өсу деректері анықталған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті сауда үстемесін асырғаны үшін алты супермаркет жауапкершілікке тартылған.

Жыл басынан бері сауда заңнамасын сақтау бойынша 115 кәсіпкерлік субъектісіне тексеру жүргізіліп, 105 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ереже бұзушылықтардың ең көп саны Қарағанды қаласында тіркелген – 93 жағдай. Сонымен қатар Приозерск қаласында – 10, Балқашта – 3, Теміртау қаласы мен Бұқар Жырау ауданында екі жағдайдан анықталған. Әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен үш миллион теңгені құрады.

Өңірде делдалдық схемаларды зерттеп, азық-түлік бағасының әділ қалыптасуын қадағалайтын арнайы комиссия жұмыс істейді. Бұл тетік нарықтағы негізсіз баға өсімінің алдын алып, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар облыста «Сапалы өнім» жобасы жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері өнімдерді таңбалау талаптарын бұза отырып сатудың 23 фактісі анықталған. Заң талаптарына сәйкес барлық өнімдер сауда айналымынан алынып, кәсіпкерлер жауапқа тартылды.

Мамандардың айтуынша, баға мен өнім сапасына мониторинг тұрақты түрде жалғасады. Билік өкілдері тұтынушылардың құқықтарын бұзуға, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз көтеруге жол берген кәсіпкерлерге қатысты заң талаптары қатаң сақталатынын ескертеді. Өйткені тұтынушылардың құқықтарын қорғау мен бағаның әділ қалыптасуын қамтамасыз ету – халықтың әлеуметтік әл-ауқатын сақтаудың және нарықтағы заң мен тәртіп қағидатын нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»