Бұралқы иттер мәселесі қашан шешіледі?

Былтыр елімізде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң қабылданды. Бұған елімізде жан-жануарларға асқан қатыгездік көрсеткен адамдар әрекетінің әлеуметтік желіде тарауы себеп болған-ды. Әрі бұралқы ит аулаушылардың да әрекеті көптің ашуын туғызған сәттер көбейіп, билік зообелсенділер талабын орындауға мәжбүр болды. Әйтсе де жаңа заңның қабылдануы қоғамға жаңа мәселелер әкелді. Толығырақ тарқатсақ…

Заң бұралқы иттерді атуға тыйым салды. Бірақ олардың санын қалай реттеу керек екені көрсетілмеген. Өйткені бұған дейін қаламызда иесіз жануарларды аулайтын, асырап-бағатын орталық болмаған еді. Әрі оларды стерилдеп, көбейіп кетуінің алдын алып жүрген де ешкім болған жоқ. Сәйкесінше бұралқы иттер адамнан именуді қойып, көшеде топтанып алып еркін жүретін болды. Ойын баласының соңына түсіп қуалаған, қауып алған кездері де бар. Қайтпек керек?

Жануарларды қорғауға арналған заңда әр қала мен ауданның иесіз жануарларды аулап, стерилдеп, екпесін салып, уақытша ұстауға арналған панажайлар салу қажет екені көрсетілген-ді. Бұл бағытта Қарағанды қаласында да айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни панажай салынатын орын таңдалып, мердігері де анықталған.

Панажай ЖЭО-1 ауданы маңында салынады. Қала шекарасына кіргенімен, өндірістік аймақ саналатындықтан тұрғындар үшін қолайсыздық туғызбайды деп күтілуде.

Қала әкімі Мейрам Кожуховтың айтуынша, қазіргі таңда аумақтың жерін тегістеу және қоршау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

– Иесіз иттер қаланың ажырамас бөлшегіне айналып кеткелі қай заман. Олар әлеуметтік мәселе болумен шектелмей, қоғамға қауіп туғыза да бастады. Әсіресе балалар көп зардап шегуде. Сондықтан уақытша ұстауға арналған панажай салу қажеттілігі туындады. Панажай аумағында әкімшілік-тұрмыстық блок орналасады. Онда ветеринариялық бөлімге және ит пен мысықтарға арналған жылы контейнерлер орналастырылады, – дейді қала әкімі.

Панажай аумағына әкелінген иесіз жануарлар тексеруден өткізіліп, қажет екпелерін алады және әрі қарай көбеймеу үшін стерилденеді. Жоба бойынша, мұнда бір мезетте 200 ит пен 50 мысық ұстау көзделген. Нысан құрылысына бюджет қаражаты жұмсалған жоқ. Көпке қажет панажайды тұрғызуға қолы ашық жомарт жандар көмек беріп жатыр екен. Құрылыс жұмыстары бір айдың мұғдарында аяқталуы тиіс. Әрі қарай нысан сенімді басқаруға беріледі. Панажайдың ашылуы қаладағы бұралқы иттер мәселесін шешуге айтарлықтай оң ықпал береді деп күтілуде

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»